- Басты бет
- Жаңалықтар
- Магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми тағылымдама нәтижелерін таныстырды
Магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми тағылымдама нәтижелерін таныстырды
Университетте «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламаларының 2-курс магистранттарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстыруға арналған отырыс өтті.
Отырыс барысында магистранттар магистрлік диссертацияларының дайындық деңгейі, ғылыми мақалаларының әзірлену барысы және зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары туралы баяндады. Сонымен қатар, магистранттар ғылыми ізденістерінің қазіргі кезеңі мен қол жеткізілген аралық нәтижелерін ортаға салды.
Іс-шара барысында ғылыми тағылымдамалардың нәтижелеріне ерекше назар аударылды. «Туризм» білім беру бағдарламасының магистранттары Путра Малайзия университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, туризмді дамытудың заманауи тәсілдерімен, тұрақты даму тәжірибелерімен және саладағы ғылыми зерттеу үдерістерімен танысты. Ал «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламасының магистранттары Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тағылымдамадан өтті. Өз есептері барысында олар бұл тағылымдаманың ғылыми жұмыстарына қосқан үлесін, кәсіби және академиялық тұрғыдан берген мүмкіндіктерін атап өтті.
Сонымен қатар, География және су қауіпсіздігі институтында тағылымдамадан өткен магистранттар тағылымдаманың өту үдерісі, алған білімдері мен машықтары, меңгерген зерттеу әдістері және оларды магистрлік диссертацияларында қолдану жолдары туралы кеңінен баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысып жатқаны, магистрлік диссертацияларының дайындық деңгейі жоғары екені және тағылымдама барысында жинақталған білім мен тәжірибені өз ғылыми жұмыстарында тиімді пайдаланып отырғаны атап өтілді.
Басқа жаңалықтар