Малайзия университеттерімен әріптестік кеңейеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Малайзияның Ғаламдық білім беру қызметі (EMGS) делегациясы ресми сапармен келді. Делегацияны Малайзия жоғары білім министрінің кеңесшісі, EMGS төрағасы Шалимин Ахмад Шаффи бастап келді.
Сапардың басты мақсаты – Қазақстанның жетекші университеті мен Малайзияның жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды тереңдету және серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындау.

Меймандар университет басшылығымен кездесу алдында ҚазҰУ-дың тарихи музейімен танысып, қара шаңырақтың өткені мен бүгініне қанықты. Содан кейін делегацияны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қабылдады.
Кездесу барысында бірінші проректор ҚазҰУ-дың Малайзияның сегіз жетекші университетімен орнатқан тығыз әрі нәтижелі байланысына тоқталды. Бүгінде екі тарап студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және PhD докторанттарды даярлау бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда 2025-26 оқу жылында ҚазҰУ-дың бірқатар ғалымдары мен білім алушылары Малайзияның іргелі оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өткен.

Өз кезегінде Шалимин Ахмад Шаффи мырза ҚазҰУ-дың Азия кеңістігіндегі биік беделі мен халықаралық QS рейтингіндегі жоғары көрсеткіштеріне тәнті екенін жеткізді. Ол малайзиялық тараптың білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, әсіресе тәжірибе алмасу мен ортақ зерттеулер жүргізуге ерекше ықыласты екенін атап өтті.

Жүздесу қорытындысында тараптар инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізу және академиялық әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтеру туралы уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар