Испаниямен білім байланысы жаңа деңгейге көтеріледіFarabi University

91ý

Испаниямен білім байланысы жаңа деңгейге көтеріледі

23 сәуір 2026
Испаниямен білім байланысы жаңа деңгейге көтеріледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Испанияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Луис Франсиско Мартинеспен кездесті.

Стратегиялық маңызы бар жүздесуге Ыстамбұлдағы Сервантес институтының директоры Фернандо Мартинес Вара де Рей мен Гранада университетінің профессоры Энрике Куэро арнайы қатысты. Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық пен білім саласындағы ауқымды жобаларды талқылады.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев кездесу барысында бірқатар маңызды бастамалар көтерді. Ректор Испания аумағында ҚазҰУ филиалын ашу туралы ұсыныс тастады. Бұл қадам екі мемлекет арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, қазақстандық білім беру брендін Еуропа төрінде танытуға жол ашады. Сонымен қатар Испанияның жетекші университеттерімен бірлесе отырып, ҚазҰУ базасында халықаралық ғылыми-зерттеу орталығын құру мәселесі қозғалды.

«Қазіргі таңда қазақстандық жастар арасында испан тілін меңгеруге деген қызығушылық өте жоғары. Біз осы сұранысты ескере отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Ж.Түймебаев.

Өз кезегінде елші Луис Франсиско Мартинес ректордың ұсыныстарын жоғары бағалап, Испания тарапы ынтымақтастыққа толық ниетті екенін білдірді. Елші мырзаның айтуынша, ҚазҰУ базасында испан тілі орталығын ашу халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға септігін тигізеді. Бұл бастамалар тек мәдени байланысты емес, сонымен қатар академиялық және кәсіби серіктестікті де жаңа белеске шығарады.

Кездесу соңында екі тарап нақты жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмыс кестесін әзірлеуге уағдаласты.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі