Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Куба Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Альфредо Фидель Ньевес Портуондомен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ академиялық алмасу бағыттарын кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталып өтті. Университет бүгінде QS WUR 2025 рейтингінде әлем бойынша 166-орынды иеленіп, еліміздегі жетекші зерттеу университеті мәртебесін нығайтып отыр. Оқу орнының құрылымында 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 140 зертхана мен 29 ғылыми орталық табысты жұмыс істеуде.
«ҚазҰУ халықаралық әріптестікті нығайтуға әрқашан ашық. Біз Кубаның жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және өзекті ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді университет басшысы.

Өз кезегінде Куба елшісі екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, білім және ғылым саласындағы серіктестікті нығайтудың маңызын атап өтті. «Куба ҚазҰУ-мен академиялық алмасу мен бірлескен зерттеулер бағытында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытады», – деді Альфредо Фидель Ньевес Портуондо.
Келіссөз кезінде 2019 жылы Кубадан келген студенттің ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алған тәжірибесі де айтылды. Бұл екі ел арасындағы білім беру байланыстарының тиімді жүзеге асқанын көрсетеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми жобаларды дамыту және студенттер мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын жолға қою туралы уағдаласты.

Сапар соңында Куба делегациясы үшін кампус-тур ұйымдастырылды. Олар университеттің ғылыми инфрақұрылымын аралап, оның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, суперкомпьютер кешені және инновациялық зертханалар жұмысымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар