Халықаралық сарапшылар ҚазҰУ бизнес-мектебі әлеуетін жоғары бағаладыFarabi University

91ý

Халықаралық сарапшылар ҚазҰУ бизнес-мектебі әлеуетін жоғары бағалады

24 сәуір 2026
Халықаралық сарапшылар ҚазҰУ бизнес-мектебі әлеуетін жоғары бағалады

Farabi International Business School делегациясы Алматыда өткен Capacity Building Workshop жұмысына қатысып, Орталық Азиядағы бизнес-білім берудің болашағын талқылады. Шара аясында халықаралық сарапшылар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы сапармен келді.

Семинар барысында бизнес-мектептер мен академиялық мекемелердің өкілдері аймақтық білім беру әлеуетін арттыру, интернационалдандыру және тұрақты институционалдық серіктестік мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы бизнес-мектептердің экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге бейімделу мүмкіндіктері талқыланды.

Осы ынтымақтастық аясында Farabi International Business School ҚазҰУ кампусында мәртебелі қонақтарды – бизнес-мектептермен байланыс жөніндегі директор Дебби Кемп пен бизнесті дамыту жөніндегі жетекші Ричард Тернерді қабылдады. Қонақтар кампус-тур барысында университеттің инновациялық экожүйесімен танысты. Атап айтқанда Farabi Hub пен Farabi Robotics зертханасының жұмысын көрді. Университеттің суперкомпьютерлік кешенінің мүмкіндіктерін бағалады. Фараби кітапханасы мен университет музейін аралап, оқу ордасының терең тарихы мен интеллектуалдық мұрасына қанықты.

Сапар барысында Farabi International Business School-дың «Үздіксіз жетілдіру моделі» (CIM) таныстырылды. Бұл модель мектептің қоғамға, студенттерге және кәсіби ортаға тигізетін оң әсерін арттыруға бағытталған. CIM моделі жауапты көшбасшылықты дамыту, білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сыртқы стейкхолдерлермен тиімді байланыс орнату тетіктерін қамтиды.

Бұл сапар мектептің халықаралық аккредитациядан өту жолындағы маңызды кезең болды. Сарапшылар бизнес-мектептің стратегиялық дамуы мен ілгерілеуіне қатысты кәсіби кері байланыс беріп, маңызды ұсыныстар білдірді. Алынған кеңестер Farabi International Business School-дың халықаралық стандарттарға сәйкестігін нығайтып, әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға септігін тигізеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі