Ұлттық кітап күніне ерекше маңыз берілді — ҚазҰУ

91ý

Ұлттық кітап күніне ерекше маңыз берілді

23 сәуір 2026
Ұлттық кітап күніне ерекше маңыз берілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай, мәдени-ағартушылық іс-шаралар апталығы салтанатты түрде ашылды.

Университет басшылығы мен факультеттердің қолдауымен ұйымдастырылған бұл бастама кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға және ұлттық рухани қазынаны дәріптеуге бағытталған.

Апталық «Ғасырлар сырын сақтаған сирек кітаптар» атты танымдық экскурсиямен басталды. Шара барысында қатысушылар академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы залда сақталған бірегей қолжазбалар мен құнды басылымдарды тамашалады. Келушілерге ғылыми және мәдени маңызы жоғары тарихи кітаптардың сирек кездесетін топтамалары таныстырылды.

Сонымен қатар келушілер назарына кітапхана фойесінде «Ұмыт болған құнды кітаптар» атты арнайы көрме ұсынылды. Көрменің басты мақсаты – уақыт өте келе оқырман назарынан тыс қалған, бірақ мазмұны жағынан өзектілігін жоғалтпаған маңызды еңбектерді қайта жаңғыртып, көпшілікке насихаттау.

Студенттердің қызығушылығын тудырған шараның бірі – «KitapQuest» интеллектуалдық ойыны. Бұл додада қатысушылар өздерінің логикалық ойлау қабілеті мен ақпаратты жедел іздеу дағдыларын сынға салды.

Апталық аясында барлық факультеттерде «Жаңа кітап – жаңа мүмкіндік» атты көшпелі көрмелер легі басталды. Алғашқы таныстырылым журналистика факультетінде өтіп, болашақ қаламгерлерге кітапхана қорына қосылған заманауи ғылыми және оқу әдебиеттері туралы мәлімет берілді.

Айта кетейік, апта бойы оқытушылар мен сала мамандарының қатысуымен ашық дәрістер, кітап презентациялары мен студенттерге арналған пайдалы кеңестер айтылатын кездесулер жалғасады.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі