Қазақстандық студенттерге Қытай университеті гранттары бөлінеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Чжуннань экономика және құқық университеті партия комитетінің хатшысы Хоу Чжэньфа бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екі оқу орны арасындағы академиялық байланыстардың қарқынды дамуын талқылады. Мәртебелі мейман Хоу Чжэньфа ҚазҰУ-мен серіктестіктің нәтижелі екенін атап өтті. Мәселен, бүгінге дейін Чжуннань университетінде ҚазҰУ-дың 30 студенті тағылымдамадан өтіп, білімін сәтті аяқтаса, қазіргі таңда тағы 11 білім алушы оқуын жалғастыруда.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Орталық Азиядағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі. Біз бұл әріптестікті нығайтуға барынша мүдделіміз. Осы мақсатта қазақстандық жастарға Чжуннань экономика және құқық университетінде білім алу үшін арнайы гранттар бөлуді жоспарлап отырмыз», – деді Хоу Чжэньфа.

Өз кезегінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев бұл бастаманы жоғары бағалап, қытайлық жоғары оқу орнымен гуманитарлық және техникалық бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді. Ректор бірлескен ғылыми жобалар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларының екі ел үшін де маңыздылығына тоқталды.

Келіссөз нәтижесінде тараптар академиялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі екіжақты меморандумға қол қойды. Құжат аясында жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын арттыру көзделген.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар