«Білгеніңмен бөліс» атты кітап алмасу жәрмеңкесі — ҚазҰУ

91ý

«Білгеніңмен бөліс» атты кітап алмасу жәрмеңкесі

17 сәуір 2026
«Білгеніңмен бөліс» атты кітап алмасу жәрмеңкесі

Биология және биотехнология факультетінің №7 Студенттер үйінде «Білгеніңмен бөліс» атты кітап алмасу жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және «Кітап оқыған озады» қағидасын іс жүзінде насихаттау болды.

Іс-шара барысында студенттер өз үйлерінде оқылып, бірақ қазіргі таңда қолданылмай тұрған кітаптарын әкеліп, басқа оқырмандармен алмасты. Бұл бастама кітапқа «екінші өмір» сыйлап қана қоймай, студенттер арасында рухани құндылықтарды жаңғыртуға, білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жәрмеңке қатысушыларға жаңа әдебиеттермен танысып, өздерінің кітап қорын толықтыруға жағдай жасады. 

Жәрмеңкеге белсенді қатысқан студенттер қатарында Моминұлы Ерсұлтан, Бекболатұлы Нұршам, Досан Балжан, Нұрғалиева Дана және Сейсенбек Гүлбар бар. Олар өздері оқып, үлкен әсер алған бірқатар танымал еңбектерді ортаға ұсынды. Атап айтқанда, Агата Кристи шығармалары, Джеймс Клирдің «Atomic Habits» кітабы, Роберт Кийосакидің «Rich Dad Poor Dad», Юваль Ной Хараридің «Sapiens: A Brief History of Humankind» және Морган Хаузелдің «The Psychology of Money» еңбектері ұсынылды.

Аталған кітаптар жеке даму, қаржылық сауаттылық, тарих және психология бағыттарын қамтып, студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ететін құнды әдебиеттер ретінде бағаланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, кітаптардан алған әсерлерімен бөлісті. 

Жәрмеңке жылы әрі достық атмосферада өтіп, студенттер арасында оқуға деген ынтаны арттыруға үлкен серпін берді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.