- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантының Польшадағы ғылыми тағылымдамасы: Төменгі температуралар физикасындағы жаңа белестер
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантының Польшадағы ғылыми тағылымдамасы: Төменгі температуралар физикасындағы жаңа белестер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «8D05303–Техникалық физика» білім беру бағдарламасының докторанты Тасмұханова Айман Әділбекқызы Вроцлав қаласындағы Польша ғылым академиясының В. Тшебятовский атындағы Төмен температуралар және құрылымдық зерттеулер институтында (INTiBS PAN) халықаралық ғылыми тағылымдамадан сәтті өтті. 2026 жылдың 2 наурызы мен 15 сәуірі аралығында өткен бұл зерттеу жұмысы қауымдастырылған профессор, PhD Daria Szewczyk ханымның жетекшілігімен орындалды. Бұл ғылыми сапар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 9-шы бағыты — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатын жүзеге асыруға бағытталған. Жаңа материалдардың қасиеттерін зерттеу және криогендік жүйелерді оңтайландыру отандық өнеркәсіптің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тағылымдама 4-ші ТДМ — «Сапалы білім беру» мақсатына сәйкес келеді, өйткені ол жас ғалымдардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, Қазақстан ғылымына озық әдістемелерді енгізуіне жол ашады.
Вроцлавтағы институт төмен температуралар физикасы, қатты дене физикасы және асқын өткізгіштік саласындағы Еуропадағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып табылады. Мұнда ғалымдар қатты денелердің құрылымын және оның материалдардың физикалық-химиялық қасиеттеріне әсерін зерттеумен айналысады. Тағылымдама барысында Айман заманауи эксперименталдық әдістерді, соның ішінде криогендік технологиялар мен жоғары дәлдіктегі өлшеу жүйелерін меңгерді. Зерттеудің практикалық бөлігі Төмен температуралар және асқын өткізгіштік зертханасында Physical Property Measurement System (PPMS) қондырғысын қолдану арқылы жүргізілді. Бұл кешенді жүйе материалдардың жылу-физикалық қасиеттерін кең ауқымды температуралық және магниттік өрістерде өлшеуге мүмкіндік береді.
ылыми жұмыстың негізгі өзегі жылу сыйымдылығының температураға тәуелділігін зерттеу болды. Бұл әдіс материалдың құрылымын талдауға, фазалық ауысуларды анықтауға және жылу тасымалдау механизмдерін түсінуге мүмкіндік беретін маңызды құрал болып табылады. Зерттеу нысандары ретінде мыс негізіндегі қабатты қосылыстар, сондай-ақ хитозан, пиколинамид және никотинамид секілді полимерлі және органикалық материалдар алынды. Жүргізілген өлшемдер зат құрылымының қайта құрылуына байланысты аномалияларды анықтауға және материалдың құрамы оның жылулық қасиеттеріне қалай әсер ететінін сипаттауға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер Айманның «Нәзік нысандарды лақтыруға арналған криогендік пневматикалық қондырғыны оңтайландыру» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуі үшін стратегиялық маңызға ие.
Тағылымдама тек зертханалық жұмыстармен шектелмей, институттың ашық ғылыми семинарларына, лекцияларына және жетекші мамандармен пікірталастарға қатысуды да қамтыды. Бұл докторанттың ғылыми ой-өрісін кеңейтуге және халықаралық зерттеу ортасында тәжірибе алмасуға септігін тигізді. Криогендік жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық дағдылары мен халықаралық ғылыми ынтымақтастық тәжірибесі болашақ PhD диссертациясын дайындауда және еліміздің техникалық физика саласын дамытуда кеңінен қолданылатын болады.