- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Цифрландыру және еңбек құқықтары: болашақ маманның кәсіби құзыреттері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
«Цифрландыру және еңбек құқықтары: болашақ маманның кәсіби құзыреттері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
ЦУР аясында өткен халықаралық дөңгелек үстел
2026 жылғы 23 сәуірде Satbayev University базасында, ГМК бас ғимаратының 269-аудиториясында «Цифрландыру және еңбек құқықтары: болашақ маманның кәсіби құзыреттері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 1-курс докторанттары ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – цифрландыру жағдайында еңбек құқықтарының өзекті мәселелерін, болашақ маманның кәсіби құзыреттерін, құқықтық сауаттылықты, цифрлық мәдениетті және soft skills дағдыларын дамыту бағыттарын талқылау болды.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ЦУР) сабақтастықта өтті. Атап айтқанда, мазмұны жағынан: ЦУР 4 – Сапалы білім, ЦУР 8 – Лайықты еңбек және экономикалық өсу, ЦУР 9 – Индустрия, инновация және инфрақұрылым, ЦУР 16 – Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар мақсаттарына сәйкес келді.
Дөңгелек үстелдің модераторы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 1-курс докторанты Жұмағалиева Айгүл Сарсенбайқызы болды.
Құттықтау сөзді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрғалиева Долорес Абдилдаевна сөйледі. Ол өз сөзінде цифрлық қоғам жағдайындағы білім беру, еңбек құқығы және кәсіби даярлық мәселелерінің өзара сабақтастығына тоқталып, мұндай ғылыми алаңдардың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында келесі баяндамалар ұсынылды:
Абылқасымов Егемберді Дайрбекұлы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі – «Цифрландыру кезеңіндегі құқықтық сананы қалыптастыру»;
Дәулетқалиева Елизавета Сұлтанқызы, С. Бәйішев атындағы университеттің Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент – «Кәсіби қызметтегі цифрлық мәдениет»;
Жансүгірова Құлайша Төленқызы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты – «Цифрландыру жағдайындағы soft skills және құқықтық мәдениет».
Іс-шара бағдарламасы аясында жасанды интеллектіні пайдалану арқылы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Аталған бейнероликті Сүлейменова Р.М. әзірледі.
Қорытынды сөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Мұрзағұлова Мейрамкүл Дәуренбекқызы жасады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар цифрландыру дәуіріндегі еңбек құқықтары, кәсіби құзыреттер, құқықтық мәдениет, цифрлық сауаттылық және білім беру жүйесіндегі заманауи өзгерістер жөнінде өзара пікір алмасты. Іс-шара болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, олардың құқықтық және цифрлық құзыреттерін жетілдіруге бағытталған маңызды ғылыми алаңға айналды.
Ұйымдастырушылар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 1-курс докторанттары.