ҚазҰУ-дың географ-ғалымдары Өңірлік экологиялық саммитке қатысты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-дың географ-ғалымдары Өңірлік экологиялық саммитке қатысты

23 сәуір 2026
ҚазҰУ-дың географ-ғалымдары Өңірлік экологиялық саммитке қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары Өңірлік экологиялық саммиті аясында өткен пленарлық және панельдік сессия отырыстарына қатысты.

 «Орталық Азия криосферасы: ғылыми бағалаудан –  климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша бірлескен іс-қимылдарға дейін» атты пленарлық сессияда мұздықтардың еруі, қар қорының азаюы және көпжылдық тоң мәселелері талқыланды. Ғалымдар бұл факторлардың аймақтағы су ресурстарының қалыптасуына тигізетін әсерін ғылыми тұрғыдан саралады. Сессия қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған субөңірлік іс-қимыл бағдарламасы мен ұлттық жоспар ұсынылды.

Сондай-ақ университет өкілдері «Орталық Азиядағы ерте ескерту жүйесі: өңірлік ынтымақтастықтан – тұрақты болашаққа» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Мұнда Орталық Азия елдеріндегі табиғи апаттардың алдын алу және гидрометеорологиялық қызметтерді жетілдіру мәселелері қаралды.

Панельдік сессияның маңызды нәтижелерінің бірі – Орталық Азия елдерінің ұлттық метеорологиялық қызметтері басшыларының бірлескен мәлімдемеге қол қоюы. Бұл құжат өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге және табиғи апаттар тәуекелдерін төмендету мен климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған.

ҚазҰУ оқытушылары мен зерттеушілері саммит барысында гидрометеорология, гляциология және климаттық тәуекелдерді басқару саласындағы халықаралық тәжірибе алмасып, өзара іс-қимыл бағыттарын айқындады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі