Су дипломатиясы саласында халықаралық және ұлттық әріптестік нығайды
2026 жылғы 22 сәуірде өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында су ресурстарын басқару, су дипломатиясы және гидрометеорология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультеті, International Water Management Institute және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында су дипломатиясы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған үшжақты өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделді. Бұл келісім өңірлік деңгейде су ресурстарын басқару, трансшекаралық су ынтымақтастығы және тұрақты даму мәселелеріндегі әріптестікті нығайтудың маңызды қадамы болып табылады.

Меморандумның негізгі мақсаты – су дипломатиясы бағыты бойынша магистерлік білім беру бағдарламасын бірлесіп әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы институционалдық әріптестікті дамыту. Құжат аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, профессор-оқытушылар құрамы мен сарапшылар алмасу, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және халықаралық гранттарға қатысу, ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ зерттеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, ынтымақтастықты кезең-кезеңімен жүзеге асыруға арналған жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. International Water Management Institute өз тарапынан Blue Peace Central Asia бастамасы аясында сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсететінін растады. Бұл бастама Швейцария Елшілігі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан халықаралық әріптестіктің жалғасы болып табылады.