«Құқықтық сауаттылық: студент және заң» тақырыбындағы тәрбиелік іс-шара және Тұрақты даму мақсаттарыFarabi University

91ý

«Құқықтық сауаттылық: студент және заң» тақырыбындағы тәрбиелік іс-шара және Тұрақты даму мақсаттары

23 сәуір 2026
«Құқықтық сауаттылық: студент және заң» тақырыбындағы тәрбиелік іс-шара және Тұрақты даму мақсаттары

Қазіргі қоғамда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы орайда, студенттердің өз құқықтарын тереңірек түсінуіне, заң талаптарын білуіне және қоғамдық өмірдегі азаматтық жауапкершілігін сезінуіне бағытталған «Құқықтық сауаттылық: студент және заң» тақырыбында арнайы тәрбиелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл маңызды жиынды "Бизнес-технология" кафедрасының тәжірибелі оқытушылары ұйымдастырып, жастарға бағыт-бағдар берді. Шараға барлығы 36 студент қатысып, өздерін толғандырып жүрген түрлі заңи сұрақтарға толыққанды жауап алды. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Іс-шара барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, сапалы білім беру (ТДМ 4) аясында әрбір студенттің тегін және сапалы білім алу құқығы, оқу процесіндегі мүмкіндіктері сөз болды. Лайықты жұмыс орындарын құру және экономикалық өсуді қолдау (ТДМ 8) мақсаты бойынша жастардың еңбек нарығындағы құқықтары, болашақ маман ретінде қауіпсіз жұмыс жағдайы мен лайықты жалақы талап ету жолдары, еңбек шартының маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, қоғамдағы теңсіздікті азайту (ТДМ 10) және жауапты тұтыну мен өндірісті ілгерілету (ТДМ 12) мәселелері де назардан тыс қалмады. Іс-шараның ең негізгі бағыты ретінде бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарды қалыптастыру (ТДМ 16) мақсаты алынып, құқықтық мемлекет құрудағы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы және әділдікті орнатудағы жастардың рөлі айрықша атап өтілді.

Қатысушылар күнделікті өмірдегі азаматтардың негізгі құқықтарын жан-жақты талқылады. Мысалы, мемлекеттік оқу орындарында тегін білім алу, жатақханадағы құқықтар мен міндеттер, сондай-ақ қауіпсіз, уақтылы төленетін еңбек ету құқықтарына терең талдау жасалды. Практикалық мысалдар ретінде студенттер жиі ұшырасатын тұрмыстық жағдайлар қарастырылды. Оның ішінде сапасыз тауарды дүкенге қайтару тәртібі (тіпті кассалық чектің болмауына немесе жоғалып кетуіне қарамастан қайтаруға болатыны), түрлі келісімшарттарға оқымай немесе мән-жайды толық түсінбей қол қоюдың қауіпті тұстары, қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді. Жұмыс берушінің жалақыны уақтылы төлемеуі немесе еңбек шартынсыз жұмысқа жегуі сияқты өзекті мәселелерде тұтынушылар мен жұмыскерлердің құқықтарын заң аясында қалай қорғауға болатыны нақты көрсетілді.

Бүгінгі цифрлық дәуірде өз құқығыңды қорғау үшін міндетті түрде сотқа барудың немесе ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ екендігіне ерекше назар аударылды. Тәжірибелік нұсқаулық ретінде студенттерге e-tutynushy.kz, E-Otinish және "Сот кабинеті" (sud.kz) сияқты мемлекеттік цифрлық платформалардың жұмыс істеу тәртібі таныстырылды. Бұл жүйелер арқылы кез келген азамат үйден шықпай-ақ мемлекеттік органдарға шағым түсіріп, өз құқықтарын тиімді әрі жылдам қорғай алатыны айтылды. Спикерлер шағым түсірудің 4 негізгі қадамын атап өтті: Бірінші қадам – мәселені анықтау (құқығыңыздың бұзылғанын дәл түсіну); Екінші қадам – дәлелдемелер жинау (скриншоттар, чектер, видео жазбалар немесе куәгерлер табу); Үшінші қадам – жүгіну процесі (алдымен кінәлі тараппен бейбіт келіссөз жүргізу, одан кейін сотқа дейінгі талап-арыз жолдау, соңында E-Otinish арқылы құзырлы мемлекеттік органға ресми шағым түсіру); Төртінші қадам – бақылау (өтініштің қаралу мерзімін қадағалау және жауап болмаған жағдайда жоғары тұрған басшылыққа шағымдану). Бұл қадамдар студенттер үшін өте пайдалы әрі түсінікті құрал болды.

Қорытындылай келе, аталмыш тәрбиелік сағат студенттердің заң алдындағы сауаттылығын арттырып, нақты өмірлік жағдайларда өз құқықтарын қорғай білуге үйретті.

Өтетін күні мен уақыты: 23 сәуір 2026 жыл, сағат 18:30

Өтетін орны: 16-жатақхана, акт залы

Ұйымдастырушылар: «Бизнес-технология» кафедрасының оқытушылары: Кожамкулова Ж.Т., Бейсенова М.У., Баймуханбетова Э.Е., Болтаева А.Ж.

Спикерлер: Мақатқызы Мерейім («Маркетинг» мамандығының 1-курс магистранты), Әділбек Мұхаммед («Маркетинг» мамандығының 1-курс магистранты), Кердесбай Нұржан («Логистика» мамандығының 1-курс магистранты), Құрманбекұлы Ринат («Логистика» мамандығының 1-курс магистранты)

Қатысушылар саны: Университет студенттері, барлығы 36 адам.