Азия ғалымдары көміртек инновациясын талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде The Second Asian Carbon Symposium (AACG) көміртекті материалдар саласындағы маңызды халықаралық ғылыми іс-шара өтті.
Симпозиум Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігі, Жану проблемалары институты және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен, Азиялық көміртек топтары қауымдастығының (AACG) қолдауымен өтті. Жиынға Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Тайвань, Ресей және басқа да елдердің жетекші ғалымдары қатысты.

Ауқымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева құттықтау сөзбен ашты. «Симпозиум өз тарихында алғаш рет Қазақстанда өтіп отыр. Бұл еліміз үшін озық материалдар мен технологиялар саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Алматыда симпозиумның өтуі Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды ғылыми орталық ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді және ұлттық ғылымның әлемдік зерттеу қауымдастығына интеграциясын нығайтады», – деді проректор.
Симпозиумның идеялық жетекшісі әрі басты ұйымдастырушысы – ҚазҰУ-дың Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры, ҚР ҒЖБМ Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі, академик Зұлқайыр Мансұров. Өз сөзінде көрнекті ғалым: «2026 жылғы Азия көміртек конференциясы көміртекті материалдардың химиясы, физикасы, технологиясы және қолданылуы саласындағы соңғы жетістіктерді талқылауға арналған халықаралық алаң ұсынады. Конференция тақырыптары кең ауқымды қамтиды, яғни көміртекті наноформалар, графен және оған ұқсас материалдар, графит, алмас, кеуекті көміртек, көміртек талшықтары және жаңа гибридті материалдар. Бүгінгі симпозиум қатысушылар үшін жемісті пікірталастар алаңы болады деп сенемін», – деп атап өтті.

Симпозиумның ғылыми бағдарламасына пленарлық және секциялық баяндамалар, постерлік сессиялар кірді. Олар Carbon for Energy, Carbon for Information Technology және Carbon for the Environment бағыттарын қамтыды.

Шара қорытындысында ұйымдастырушылар материалтану мен нанотехнология саласындағы ғылыми-техникалық қауымдастық жаңа зерттеулерді, технологияларды және инновациялық тәсілдерді белсенді түрде дамытып жатқанын, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтып отырғанын алға тартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар