Бауыржан Момышұлы мұрасы зерделенді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Тіл. Тұлға. Таным: Лингвистикалық және рухани сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен студент жастар қатысты.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы және «Лингвоарна» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістеме орталығы бірлесіп ұйымдастырған шара Бауыржан Момышұлының әдеби-публицистикалық, әскери-ғылыми және рухани мұрасын қазіргі гуманитарлық ғылымдар тұрғысынан кешенді зерделеуге бағытталды.

ылыми жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлы мұрасын қазіргі заманғы ғылыми тұрғыда зерделеудің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар батырдың шығармашылық және әскери еңбектері ұлттық руханият пен тіл білімінің дамуына зор үлес қосқанын жеткізді.

Конференция барысында қатысушылар мазмұнды баяндамалар жасап, батыр мұрасын әр қырынан талдады. Атап айтқанда Бауыржан Момышұлының тілдік тұлғасы мен сөз мәдениеті жан-жақты қарастырылып, оның шешендік болмысы мен көркем тілдік қолданысының ерекшеліктері айқындалды. Сондай-ақ батыр шығармаларының қазақ тіл біліміндегі орны сараланып, лексика, терминология, морфология, стилистика, фразеология және әскери дискурс тұрғысынан зерттелу мәселелері кеңінен талқыланды. Ғалымдар оның еңбектеріндегі тіл мен ұлттық-әскери танымның сабақтастығына ерекше назар аударып, ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы рөлін айқындады.

Конференция соңында қатысушылар батыр мұрасын одан әрі терең зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау бағытында ұсыныстар қабылдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі