Медицинаның өзекті мәселелері талданды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Салауатты ұрпақ – Қазақстанның болашағы» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауқымды шараны Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – ҚазҰУ, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Қазақстан-Ресей медициналық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Жиынды Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнар Нұрланова құттықтау сөзбен ашты. Орталық басшысы өз сөзінде қазіргі таңда ана мен бала денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, мұндай ғылыми алаңдардың тәжірибе алмасу мен кәсіби біліктілікті арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

«Салауатты ұрпақ тәрбиелеу – еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы дәрігерлердің білімі мен тәжірибесіне, ғылыми ізденістер мен инновациялық тәсілдерді енгізуге тікелей байланысты. Мұндай халықаралық деңгейдегі конференциялар медициналық ғылым мен практиканың дамуына серпін беріп, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор үлес қосады», – деді Гүлнар Нұрланова.

Конференция аясында жетекші мамандар өз баяндамаларын ұсынып, клиникалық тәжірибеде қолданылып жүрген озық әдістер және жаңа технологиялармен бөлісті.
Конференция барысында ана мен бала денсаулығын сақтау, неонатологиядағы заманауи әдістер, балалар кардиохирургиясының жетістіктері, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар медицина саласындағы инновациялық технологиялар мен тиімді тәжірибелерді талқылап, өзара пікір алысты. Сондай-ақ жас ғалымдар мен резиденттерге арналған секциялар ұйымдастырылып, олардың ғылыми жұмыстары талқыланды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі