Халықаралық қызметтің қорытындылары пысықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ылыми кеңес отырысында оқу орнының халықаралық қызметі қорытындыланып, интернационалдандыру үдерісін дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды.
Жиында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов негізгі баяндама жасап, университеттің халықаралық байланыстарының нақты көрсеткіштерін ұсынды. Бүгінде ҚазҰУ әлемнің 56 еліндегі іргелі оқу орындары және 20-дан астам халықаралық ұйыммен жасалған 700-ден астам келісім мен меморандумды нәтижелі жүзеге асыруда. Университеттің білім беру және ғылыми үдерістеріне 212 шетелдік оқытушы мен зерттеуші тартылған.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 799 студент шетелде (семестрлік оқу және ғылыми тағылымдама) білім алса, ҚазҰУ-ға сырттан 541 шетелдік студент келген. Интернационалдандыру және рекрутинг департаментінің директоры Нұркен Әбдіғалидің мәліметінше, қазіргі таңда университетте әлемнің 53 елінен келген 7191 шетелдік студент білім алуда. Департамент алдағы уақытта халықаралық рекрутингті күшейтуді, дипломатиялық миссиялармен байланысты кеңейтуді және шетелдік студенттерді академиялық ортаға бейімдеу жұмыстарын жетілдіруді көздеп отыр.

ылыми кеңес барысында ылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек пен ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалының директоры Жәмин Шейшенов қосымша баяндама жасап, ғылыми интеграция мәселелерін қозғады.

Жиынды қорытындылаған Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев халықаралық ынтымақтастық университеттің басты стратегиялық бағыты екенін қадап айтты. «Біз жаһандық әлемнің ажырамас бөлшегіміз. Сондықтан АҚШ, Жапония, Еуропа және Түркияның үздік университеттерімен, жетекші ғалымдарымен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруіміз қажет. Жаһандық бәсекелестік жағдайында біз тек байланыс орнатып қана қоймай, өзара іс-қимылдың сапасын арттыруға тиіспіз», – деп атап өтті ректор.

Университет басшысы әр факультет деңгейінде академиялық ұтқырлықты күшейтуді, шетелдік профессорлардың үлесін арттыруды және Tоп 500-1000 рейтингіне енетін жоғары оқу орындарымен тиімді кооперация орнатуды тапсырды. ылыми кеңестің шешімімен ҚазҰУ-дың өңірдегі жетекші зерттеу университеті ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған арнайы ұсынымдар қабылданып, факультеттерге халықаралық қызмет бойынша нақты есеп дайындау жүктелді.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар