- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың тарихшылары №138 гимназияда «Оқушы-студент-ұстаз» атты кездесу өткізді
ҚазҰУ-дың тарихшылары №138 гимназияда «Оқушы-студент-ұстаз» атты кездесу өткізді
2026 жылдың 25 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетіндегі Дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының өкілдері мен студенттері №138 гимназияда болды. Гимназия директоры Медет Иманбекұлының арнайы шақыруымен өткен «Оқушы-студент-ұстаз» атты дөңгелек үстел білім беру саласындағы серіктестікті нығайтуға бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – мектеп қабырғасындағы оқушылар мен болашақ педагог-студенттер арасындағы тікелей байланысты орнату. Медет Иманбекұлы мектеп ұжымы мен университет арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, студенттерге болашақ кәсіби жолдарындағы тәжірибелік құндылықтар туралы сыр шертті. Гимназия басшысы тарих пәнін оқытудағы заманауи тәсілдер, оқушылардың ізденімпаздығын арттыру және тарихи деректермен жұмыс істеу мәдениеті туралы өз тәжірибесімен бөлісті.
Студенттер гимназия оқушыларымен еркін пікір алмасып, педагогикалық қызметтің қыр-сырына қатысты сұрақтар қойды. Кездесу барысында мектеп пен университет арасындағы ғылыми-әдістемелік көпірді қалай орнатуға болатыны кеңінен талқыланды. Кафедра оқытушылары гимназия директорына студенттерге көрсеткен қолдауы мен қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Тараптар болашақта бірлескен ғылыми-танымдық іс-шаралар мен мектеп оқушыларына арналған арнайы лекциялар циклін ұйымдастыру туралы уағдаласты. Мұндай көшпелі дөңгелек үстелдер болашақ тарихшылардың кәсіби машығын шыңдап қана қоймай, мектеп оқушыларының ғылымға деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз. Бұл – білім берудегі сабақтастықтың жарқын үлгісі.
Басқа жаңалықтар