- Басты бет
- Жаңалықтар
- ТДМ 15: «Таза кампус» экологиялық акциясы: ағаш егу – болашаққа салынған инвестиция
ТДМ 15: «Таза кампус» экологиялық акциясы: ағаш егу – болашаққа салынған инвестиция
Университет кампусы — бұл тек білім алатын орын ғана емес, студенттердің екінші үйі. Осыған орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Таза кампус» экологиялық акциясына Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен кампус аумағын абаттандыруға бағытталған игі іске бір кісідей жұмылды.
Акцияның басты мақсаты — студент жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты дамыту және әлеуметтік жауапкершілік сезімін нығайту болды.
Факультет белсенділерінің айтуынша, бүгінгі таңда болашақ IT мамандары мен жасанды интеллект зерттеушілері үшін тек технологиялық білім ғана емес, қоршаған ортаға деген құрмет те маңызды құндылыққа айналуы тиіс.

«Бұл сенбілік — біздің ел алдындағы үлесіміздің шағын көрінісі. Технологиялық даму табиғатты сақтаумен қатар жүруі керек», — деп атап өтті студенттер.
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының студенттері кураторлардың бастамасымен факультет аумағына ағаштар мен гүл көшеттерін отырғызды. Әр отырғызылған ағаш — жаңа өмірдің бастауы, ал көгалдандыру жұмыстары кампустың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.
Ағаш егу, гүл отырғызу — тек абаттандыру шарасы емес, елдің көркеюіне қосылған ұзақ мерзімді инвестиция. Табиғатты қорғау мәдениеті қоғамда тұрақты қалыптасқанда ғана қоршаған ортаның сапасы жақсарады. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, табиғи жағдайы қолайсыз елдердің өзі көгалдандыру арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлкен күш жұмсап отыр.

Бүгінде Қазақстанда жасыл аймақтардың аздығы мен ағаш отырғызу мәдениетінің жеткілікті деңгейде қалыптаспай отырғаны байқалады. Сондықтан әрбір азамат әлеуметтік желілердегі пікірталастардан гөрі нақты әрекет арқылы — ағаш егу, гүл отырғызу, табиғатты қорғау және қоршаған ортаны таза ұстау арқылы ел дамуына үлес қоса алады.
Халық даналығында «Ер жігіттің үш міндеті бар: ағаш отырғызу, үй салу, бала өсіру» деген нақыл бекер айтылмаған. Бұл — ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің символы.
Экологиялық сананы қалыптастыру тек жеке бастама емес, қоғамдық мәдениетке айналуы тиіс. Мамандардың пікірінше, қоғамда ағаш отырғызу дәстүрін қалыптастыру үшін мемлекеттік деңгейде де жүйелі қолдау қажет. Мысалы, күнтізбеде арнайы «Ағаш егу күні» белгіленсе, бұл бастама халықтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге ықпал етер еді.

Халқымыздың «Ақырзаман келсе де ағаш ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздері табиғатты сақтаудың ғасырлар бойы маңызды құндылық болғанын көрсетеді. Әр адам аз ғана уақытын бөліп, бір тал егіп, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосса, бұл келешек ұрпаққа жасалған үлкен сый болмақ.
«Таза кампус» экологиялық акциясы студенттердің азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениеттің білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі екенін көрсетті. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ұжымы бұл бастама арқылы табиғатты қорғау мен тұрақты даму қағидаларын дәріптеп, университет қауымдастығына үлгі бола білді.
Тазалық пен жасыл орта — ортақ үйіміздің келбеті.
Ал отырғызылған әрбір ағаш — болашаққа деген жауапкершіліктің белгісі.
Басқа жаңалықтар