ҚазҰУ студенттері республикалық байқауда топ жардыFarabi University

91ý

ҚазҰУ студенттері республикалық байқауда топ жарды

27 сәуір 2026
ҚазҰУ студенттері республикалық байқауда топ жарды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің студенттері жоғары оқу орындары арасында өткен «Amicus Curiae Challenge» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. Зияткерлік дода Қазақстан Республикасының Конституциялық соты, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Нидерланды Корольдігінің елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. 

Жеңімпаз команда құрамында 3-курс студенттері Дәмелі Тоқсанбаева, Меруерт Хамитова және Жанмұхамед Аблазимов өнер көрсетті. Болашақ заңгерлерді жарысқа Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушылары – профессор Алуа Ибраева, кафедра меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова және ассистент-профессор Динара Тұрсынқұлова дайындады.

Байқаудың басты мақсаты – құқық үстемдігі қағидатын нығайту және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру. Қатысушылар құқықтық талдау жасау, өз ұстанымын дәлелдеу және конституциялық сот тәжірибесін зерделеу дағдыларын паш етті.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар күрделі құқықтық мәселелерге талдау жасап, «Amicus Curiae» («Соттың досы») форматында жазбаша қорытынды әзірледі. Қазақстанның әр өңірінен қатысқан 17 команданың ішінен ҚазҰУ-дың үш бірдей командасы финалға жолдама алып, шығармашылық бейнероликтерімен ерекшеленді. Қорытынды кезеңде қатысушылар өз дәлелдерін сарапшылар алқасы алдында қорғап, шешендік шеберліктерін көрсетті.

ҚазҰУ студенттерінің бұл жеңісі олардың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы терең білімін айқындап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі