«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік институты»: тәрбие сағаты аясындағы мәдениетаралық кездесуFarabi University

91ý

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік институты»: тәрбие сағаты аясындағы мәдениетаралық кездесу

24 сәуір 2026
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік институты»: тәрбие сағаты аясындағы мәдениетаралық кездесу

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік институты» тақырыбында кураторлық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Іс-шара Компьютерлік инженерия және Компьютерлік ғылымдар білім беру бағдарламаларының 1 курсында білім алып жатқан шетелдік студенттерден құралған ағылшын тобына арналды.

Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру, көпұлтты қоғамдағы бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты дамыту болды. Іс-шара барысында университет қабырғасында қызмет атқаратын «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының қызметі жан-жақты таныстырылды.

Аталған орталық университеттің көпұлтты академиялық ортасында ұлтаралық келісім мен толеранттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды құрылымдардың бірі болып табылады. Оның негізгі қызметі – студенттер арасында Қазақстанның этникалық және мәдени әртүрлілігін дәріптеу, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, жастарды өзара құрмет пен ынтымақтастыққа тәрбиелеу. Сонымен қатар орталық мәдениетаралық коммуникацияны дамыту арқылы студенттердің жаһандық көзқарасын кеңейтіп, ұлттық бірлік құндылықтарын нығайтуды көздейді.

 

 

Кураторлық сағат барысында куратор студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі және еліміздегі ұлтаралық келісім моделінің ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Әсіресе, түрлі мемлекеттен келген жастардың бір университет қабырғасында білім алып, ортақ мақсат жолында бірігуінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Тәрбие сағатының мазмұнды бөлігінде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері таныстырылып, олардың тәрбиелік мәні түсіндірілді. Қазақтың қонақжайлық дәстүрі, үлкенді құрметтеу, ынтымақ пен бірлікке негізделген ұлттық құндылықтары талқыланып, әр елдің салт-дәстүрлерімен салыстыру жүргізілді. Бұл пікір алмасу студенттердің мәдени ерекшеліктерді терең түсінуіне және ортақ адамзаттық құндылықтарды айқындауына мүмкіндік берді.

 

 

Шетелдік студенттер қазақ мәдениетімен таныса отырып, өз әсерлерімен бөлісіп, Қазақстанның көпұлтты мемлекет екендігін ерекше атап өтті. Олар еліміздің бейбіт саясаты мен халықтың қонақжайлығына ризашылықтарын білдіріп, осындай тұрақты әрі достық атмосфера қалыптасқан елде білім алып жатқандары үшін алғыстарын жеткізді.

Іс-шара қорытындысында мұндай тәрбиелік кездесулердің студенттердің әлеуметтік бейімделуіне, мәдениетаралық түсіністікті дамытуға және халықаралық достық байланыстарды нығайтуға зор ықпал ететіні атап өтілді. Кураторлық тәрбие сағаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттер арасында бірлік, өзара сыйластық және толеранттылық құндылықтарын дәріптеудің маңызды алаңы болды.

Бірлік пен келісім – Қазақстан қоғамының басты тірегі. Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар университеттің халықаралық білім беру кеңістігін нығайтып, түрлі мәдениеттер мен халықтарды ортақ құндылықтар негізінде біріктіруге қызмет етеді.