«Сапалы білім – Таза сессия» акциясы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде академиялық адалдық қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Сапалы білім – Таза сессия» акциясы аясында кураторлық сағат өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, емтихан сессиясы кезеңінде әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сапалы білім алудың маңыздылығын түсіндіру болды.

Кураторлық сағат барысында студенттерге академиялық адалдықтың негізгі құндылықтары – адалдық, сенім, жауапкершілік және парасаттылық туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар емтихан тапсыру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, өз білімін әділ бағалау және жеке жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында студенттер ашық пікір алмасып, «таза сессия» ұстанымдарын қолдайтындықтарын білдірді. Қатысушылар сапалы білім тек адал еңбек пен табандылықтың нәтижесінде қалыптасатынын атап өтті.
Аталған шара студенттердің азаматтық ұстанымын нығайтып, академиялық ортада әділдік пен ашықтық қағидаттарын дәріптеуге бағытталды. Университет қабырғасында өткізілетін мұндай тәрбиелік іс-шаралар болашақ мамандардың кәсіби және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Іс-шара соңында студенттер «Таза сессия – табысты болашақтың бастауы» қағидатын қолдай отырып, алдағы емтихан кезеңін академиялық адалдық талаптарына сай өткізуге дайын екендіктерін білдірді.
Басқа жаңалықтар