Болашақ Отан қорғаушылар Ректор кубогы үшін сынға түсті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әскери кафедрасы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында дәстүрлі «Сарбаз» V әскери-патриоттық ойынын өткізді. ҚазҰУ Ректорының кубогы сарапқа салынған бұл додаға Алматы қаласының барлық аудандарынан келген мектеп оқушыларының сегіз командасы қатысты.
Ауқымды шара университеттің Әскери кафедрасы мен Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Қалалық оқу-тәжірибелік дене шынықтыру және спорт орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты. Жарыстың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, тарихи жадыны жаңғырту және әскери қызметтің беделін арттыру.

Байқау бағдарламасы мазмұнды әрі тартысты өтті. Жас сарбаздар саптық дайындық бойынша шеберліктерін паш етіп, ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті және әскери-қолданбалы эстафетада өзара бақ сынасты. Әр кезең кәсіби қазылар алқасының жіті бақылауымен өтіп, қатысушылардың темірдей тәртібі, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігері жоғары бағаланды.


Мерекелік шара аясында ҚазҰУ Әскери кафедрасының студенттері арнайы көрсетілім дайындап, қарумен жұмыс істеу дағдылары мен қоян-қолтық ұрыс элементтерін шебер орындап шықты.

Дәстүрге сай, іс-шараға университеттің «Парасат» кәсіподақ комитеті демеушілік қолдау көрсетті. Жарыс соңында қатысушылар мен қонақтарға арнайы далалық ас ұсынылып, барлығы «сарбаз ботқасынан» дәм татты.

«Сарбаз» әскери-патриоттық ойыны тек үздіктерді анықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдік құндылықтарды қалыптастыруға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және әскери дәстүрлерді дәріптеуді көздеді. Дода қорытындысы бойынша жеңімпаз команда ҚазҰУ Ректорының кубогымен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі