ҚазҰУ «AI-Sana» жобасын іске асыруда көш бастадыFarabi University

91ý

ҚазҰУ «AI-Sana» жобасын іске асыруда көш бастады

28 сәуір 2026
ҚазҰУ «AI-Sana» жобасын іске асыруда көш бастады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуға арналған семинарлар сериясы өтті. Іс-шара ҚР ылым және жоғары білім министрлігінің, «ылым қоры» АҚ және ZEMEX Inc компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның серіктестері қатарында «Platonus» ЖШС және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бар.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні медицина, инженерия және экономиканың басқа да маңызды салаларында тиімді қолдана алатын пәнаралық мамандар даярлау.

Семинарлардың негізгі спикері – AI-Sana бағдарламасының әзірлеушісі, Дүниежүзілік банк жанындағы Халықаралық сарапшылар кеңесінің төрағасы және ҚР Президенті жанындағы жасанды интеллект жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Пол Ким. Сонымен қатар шараға ZEMEX Inc компаниясының стратегиялық директоры Елена Седых қатысты.

Жиын ашылуында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттің цифрлық трансформациядағы жетекші рөлін атап өтті: «AI-Sana бағдарламасының қорытындысы бойынша ҚазҰУ елімізде бірінші орын алды. Оған 7500-ден астам студент қатысып, іріктеуден өтті. Бұл біздің студенттердің жасанды интеллект технологиялары бойынша нақты тәжірибелік дағдыларды меңгеріп жатқанын көрсетеді. Университет білімді тек игеріп қана қоймай, оны практикада қолдануға мүмкіндік беретін барлық жағдайды жасайды», – деді проректор.

Семинардың студенттерге арналған бөлімі AI-экономика мен стартаптық ойлауды дамытуға бағытталды. Проректор университетте ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті. Оның құрамына жоғары технологиялық зертханалар, инновациялық орталықтар және есептеу ресурстары кіреді, бұл күрделі ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Семинарлар барысында тәлімгерлерді даярлау мәселесіне де басымдық берілді. Кураторларға арналған сессияда SMILE әдістемесі мен AI-коучинг қағидалары қарастырылды. Оқытушылармен кездесуде Марғұлан Ибраимов: «Бүгінде жасанды интеллект жеке технология деңгейінен асып, экономиканың негізгі инфрақұрылымдық элементіне айналып отыр. Осыған байланысты ҚазҰУ цифрлық бағыттарды жүйелі түрде дамытып келеді. Халықаралық сарапшылардың қатысуы семинарлардың мазмұнын практикалық тұрғыдан байыта түсті», – деп пікір білдірді.

Өткен семинарлар сериясы қазақстандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі