ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ ҚОРҒАНЫСТАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЙЛЫЛЫҚҚА — ҚазҰУ

91ý

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ ҚОРҒАНЫСТАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЙЛЫЛЫҚҚА

28 сәуір 2026
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ ҚОРҒАНЫСТАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЙЛЫЛЫҚҚА

Әлем жұртшылығы жыл сайын 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл күні әлемнің көптеген елдерінде еңбекшілерге, өндірісте зардап шеккендерге құрмет көрсетіліп, еңбекті қорғау және еңбек мәдениеті бойынша үгіт-насихат шаралары кеңінен ұйымдастырылады.

Атаулы күннің тағы бір ерекшелігі – оның тақырыбы жыл сайын жаңарып, заманауи еңбек нарығындағы өзекті мәселелерге сәйкес айқындалып отырады. Бұл еңбек қауіпсіздігі саласының үздіксіз дамып, жаңа талаптар мен сын-қатерлерге бейімделіп отырғанын көрсетеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты  даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының педагогикалық практика жетекшісі А.К.Қожаханның жетекшілігімен «7М11201 – Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының қазақ тобының, сондай-ақ «7М11202 – Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» білім беру бағдарламасының қазақ және орыс топтарының 1 курс магистранттары Көкен Жандияр, Мухамбеткалиева  Ботагөз, Сағын Шыңғыс, Сәлім Нұрсұлтан, Қаныбек Рамазан, Махамбетова Ақлима, Молдабаева Әдия, Сапыжанов Ерланның ұйымдастыруымен 28 cәуір «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» арналған Халықаралық гибрид форматындағы дөңгелек үстел өтті.

 Тұрақты дамудың (ТДМ) 3 және 8 мақсаттарын негізге ала отырып ұйымдастырылған бұл іс-шараға оқытушылар мен студенттер, өндіріс орындарының еңбек қорғау саласының бас мамандары, сонымен қатар онлайн форматта Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Караматдин Джаксымуратов онлайн форматта сөз сөйлеп, еңбек қауіпсіздігіне қатысты ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Сонымен қатар, аталған университеттің магистранты Улдаулет Елшібекова тау-кен саласындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын ұсынды.



Конференцияның тәжірибелік бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. «KazPromEducation» ЖШС құрылтайшысы Нұрболат Рысалыұлы өндірістік қауіпсіздікке арналған түрлі заманауи құрал-жабдықтарды таныстырып қана қоймай, олардың жұмыс істеу принциптерін студенттер мен магистранттарға тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Мұндай формат жас мамандардың кәсіби қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Өндірістік сектор өкілдері де мазмұнды баяндамалар жасады. Мамандығымыздың түлектері «Sensata Almaty» компаниясының бас инженері Қайрат Бисенов пен еңбек қауіпсіздігі инженері Рахат Бақтыбай құрылыс алаңындағы еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік мәдениетінің маңызы туралы айтып, нақты тәжірибелік мысалдармен бөлісті.

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі, ЖШС «Алма-Ата Проект» директоры Әбиев Әлішер студенттерді бос жұмыс орындарына шақырды.

Іс-шараның тағы бір маңызды қыры – оның кәсіби бағдар беру алаңына айналуы болды. Қонақтар магистранттарды өз ұйымдарында жұмыс істеуге шақырып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Бұл жас мамандар үшін үлкен мүмкіндікке айналып, олардың болашақ кәсіби жолын айқындауға ықпал етті.

Бітіруші магистранттарымыз Қойлыбаева Ақерке, Нұрбекова Жансая студенттердің оқу үдерісіне қажетті арнайы құрылғыларды сыйға тартты.

Конференция интерактивті бөліммен жалғасып, қатысушылар зияткерлік викториналар мен командалық тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынады. Бұл формат талқыланған мәселелерді тереңірек меңгеруге жағдай жасады.

Жиын қорытындысында қатысушылар бір маңызды тұжырымға келді: ұйымның табысы ең алдымен адам факторына байланысты. Қызметкер өзін қауіпсіз, бағаланған және қолдаулы сезінген жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Сондықтан қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасын қалыптастыру – кез келген ұйымның стратегиялық басымдығы болуы тиіс.