ҚазҰУ Касабланкада білім беру бағдарламаларын таныстырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Марокко Корольдігінің Касабланка қаласында өткен FORUM INTERNATIONAL DE L'ETUDIANT атты беделді халықаралық білім беру көрме-форумына қатысты. Ауқымды шарада Шетелдік студенттерді интернационалдандыру және рекрутинг департаментінің өкілдері оқу орнының стратегиялық басымдықтарын таныстырды.

Солтүстік Африкадағы ең ірі интеллектуалды алаңдардың бірі саналатын бұл форум мектеп бітірушілерге кәсіби бағдар беру мен оңтайлы жоғары оқу орнын таңдауға көмектесуді мақсат етеді.
Биылғы шара аясында 10 мыңнан астам талапкер әлемнің үздік университеттерімен танысып, білім беру бағдарламаларын салыстыруға мүмкіндік алды. Бұл халықаралық алаңда алғаш рет бой көрсеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің кең ауқымды академиялық бағдарламалары және ғылыми-зерттеу әлеуетімен келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Университет өкілдері әрбір талапкерге жеке кеңес беріп қана қоймай, шетелдік білім беру мекемелерімен жаңа байланыстар орнатып, академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша әріптестермен тәжірибе алмасты. Форум қонақтары университеттің білім беру мүмкіндіктерімен қатар, Қазақстанның бай мәдени мұрасына, тарихы мен дәстүрлеріне де зор ықылас білдірді. Марокколық жоғары оқу орындарының өкілдері ҚазҰУ-мен өзара тиімді серіктестікті дамытуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Бұл сапар университеттің жаһандық білім беру нарығындағы халықаралық имиджін нығайтуға, еліміздегі шетелдік студенттер санын арттыруға және Солтүстік Африка аймағымен білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар