ҚазҰУ стартапы Astana Hub-та күміс жүлдегер атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы 91ý AI Center (AlfaCenter) ғылыми қызметкерлері Astana Hub алаңында өткен беделді Pizza Pitch байқауында табысты өнер көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 12 үздік финалистің ішінен ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген «Zhurek AI» инновациялық стартапы жүлделі ІІ орынды иеленді.
Жобаның жоғары әлеуетін Bglobal Ventures, Silkroad Angels Club, Activat VC және MA7 Ventures сияқты жетекші венчурлік инвесторлар мен қорлардың өкілдерінен құралған сарапшылар алқасы растады.

«Zhurek AI» – жасанды интеллект алгоритмдерін медициналық заттар интернеті (IoMT) технологиясымен біріктіретін бірегей интеллектуалды платформа. Жобаның басты мақсаты – жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау және алдын алу. Жүйе пациенттің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, деректерді талдайды және кез келген патологиялық өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұл әзірлеме инженерия, іргелі медицина және бизнес-стратегияның тиімді синергиясының жарқын үлгісіне айналды. Инвесторлар тарапынан берілген жоғары баға жобаның нарыққа шығуға дайын екенін және коммерциялық тартымдылығын көрсетеді.

Айта кетерлігі, платформаның ғылыми негіздемесі ретінде Scopus дерекқорындағы Q1/Q2 деңгейіндегі беделді журналдарда мақалалар жарияланып, тиісті патенттер мен авторлық куәліктер алынған. Қазіргі уақытта «Zhurek AI» платформасы ҚР «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ базасында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
«Astana Hub алаңындағы жетістігіміз – ҚазҰУ қабырғасындағы ЖИ бағытындағы зерттеулердің практикалық маңызы зор және бәсекеге қабілетті екенінің айқын дәлелі», – деп атап өтті AlfaCenter өкілдері.
ҚазҰУ жас ғалымдар мен стартап қозғалысын қолдай отырып, ғылыми идеяларды нақты цифрлық өнімге айналдыру арқылы ел экономикасы мен халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосуды көздейді.
AlfaCenter ұжымын жарқын жеңісімен құттықтай отырып, жобаның алдағы қадамдарына табыс тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар