Қазақстанның химия ғылымында өз қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, білікті ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор қызметін атқарушы, химия ғылымдарының докторы Балғышева Бейқұт Даутбекқызы мерейлі 65 жасқа толып отыр. Оның ғылыми-педагогикалық жолы — отандық фосфаттар химиясы мен төмен сортты шикізаттарды кешенді өңдеу технологиясының даму тарихымен тығыз байланысты.
Бейқұт Даутбекқызының ғылымдағы алғашқы қадамдары академик А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында, белгілі ғалым, х.ғ.д. А.К. Ильясованың жетекшілігімен басталды. Кейіннен бұл ізденістер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы х.ғ.д., профессор Г.С. Қуанышеваның ғылыми мектебінде жалғасын тауып, жас зерттеушінің іргелі ғалым ретінде қалыптасуына негіз болды.
Ғалымның негізгі ғылыми қызығушылығы — құрамында магний мен алюминий силикаттары бар төмен сортты фосфориттерді тиімді пайдалану. Ол: Елімізде алғашқылардың бірі болып фосфориттерді механохимиялық өңдеу арқылы жаңа буын тыңайтқыштарын алудың ғылыми негізін қалады. Қаратау, Шилісай және Жетіқара кен орындарының шикізаты негізінде алынған өнімдерді өндірістік сынақтардан сәтті өткізіп, олардың жоғары тиімділігін дәлелдеді. Бұл зерттеулер отандық ресурстарды үнемдеу және импортқа тәуелділікті азайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болды.
Осы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде Балғышева Б.Д. 1993 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 2010 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2012 жылы оған химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беріліп, сол жылы профессор қызметіне тағайындалды. 1994 жылдан бастап Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі болып табылады, ал 1998 жылы доцент ғылыми атағына ие болды.
Б.Д. Балғышеваның еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 1994 жылдан бастап Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, 1999 жылы Үндістанның Мадрас қаласында экологиялық таза технологиялар бойынша жобасын қорғап, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады. Оның жетекшілігімен 1 кандидаттық диссертация қорғалды, көптеген магистранттар мен жас зерттеушілер тәрбиеленді. Оның қаламынан 200-ге жуық ғылыми еңбек, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларындағы мақалалар, монографиялар мен 28 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. 1 патент, 8 ҚР авторлық куәлігі бар. Профессор әзірлеген «Фосфаттардың химиясы мен технологиясы» және Ресей ылым академиясының ғалымдарымен бірлесіп шығарған «Бейорганикалық материалдардың механохимиясы» атты курстары бүгінде магистранттар мен PhD докторанттар үшін таптырмас білім көзіне айналды.
1987 жылдан бері қара шаңырақ ҚазҰУ-да инженерден профессорға дейінгі еңбек жолынан өткен Бейқұт Даутбекқызы — бүгінде нағыз ұстаз-ғалымның үлгісі. Балғышева Б.Д. университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім сапасын арттыру, түлектермен байланыс орнату және жас мамандарды қолдау бағыттарында маңызды жұмыстар атқаруда. Оның ерен еңбегі 2026 жылы мемлекеттік деңгейде бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Құрметті Бейқұт Даутбекқызы!
Сізді мерейлі 65 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің ғылымдағы сара жолыңыз бен шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіңіз — келер ұрпаққа өнеге. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке, шығармашылық шабыт пен жаңа белестер тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіз!
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Химия және химиялық технология факультеті
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасы
химия ғылымдарының кандидаты
Н.С. Далабаева
Басқа жаңалықтар