ҚазҰУ «Болашақ инноваторлар» консорциумына қосылдыFarabi University

91ý

ҚазҰУ «Болашақ инноваторлар» консорциумына қосылды

29 сәуір 2026
ҚазҰУ «Болашақ инноваторлар» консорциумына қосылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Өзбекстанда өткен «Болашақ инноваторлар» фестиваліне қатысты.

Ташкент қаласында ұйымдастырылған халықаралық шара аясында 30-ға жуық байқау мен көрме жұмысы өткізіліп, түрлі мемлекеттерден 14 мыңнан астам қатысушы жиналды.

Ашылу салтанатына Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Өзбекстанның жоғары білім және ғылым, инновация министрі Конгратбай Шарипов, белгілі ғалымдар, халықаралық сарапшылар, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан ЖОО ректорлары қатысып, университеттер арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту жолдарын қарастырды.

Фестиваль аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азия мен Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының қатысуымен консорциум құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. «Болашақ инноваторлар» консорциумы арқылы білім алушылар мен жас ғалымдарды қолдау мақсатында университеттер базасында бірлескен ғылыми-білім беру іс-шаралары ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттер алмасу бағдарламаларын дамыту, ортақ ғылыми жобаларды іске асыру және инновациялық бастамаларды қолдау көзделген.

Жиын барысында жоғары оқу орындарының басшылары консорциум қызметінің нақты форматын айқындау және құрылтайшылардың жыл сайынғы отырысын тұрақты өткізу қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар ұйым құрамын кеңейту мақсатында жаңа мүшелерді қабылдау мүмкіндіктері мен талаптары талқыланып, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттары айқындалды.

Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Садритдин Турабджановпен келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру мәселелері бойынша пікірлесті. Кездесу нәтижесінде тараптар серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты.

Сондай-ақ оқу ордасының ректоры «Болашақ инноваторлар» фестиваліне қатысып жатқан ҚазҰУ-дың жас ғалымдарымен кездесті. Ғарыш техникасы мен технологиялары және робототехникалық жүйелер мамандығының студенттері фестиваль аясында өткен көрмеде инновациялық жобаларын таныстырды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі