ҚазҰУ-да заманауи физиканың жетістіктері сараланды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да заманауи физиканың жетістіктері сараланды

29 сәуір 2026
ҚазҰУ-да заманауи физиканың жетістіктері сараланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында академик Төлеген Қожамқұловтың 80 жылдығына және оның КСРО-да торлық кванттық хромодинамика бойынша алғашқы докторлық диссертация қорғағанына 40 жыл толуына арналған «Заманауи физиканың жетістіктері және іргелі физикалық білім» атты X халықаралық ғылыми конференция өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мерейтой иесін құттықтап, оның отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. «Сіздің есіміңіз ұлттық ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Сіз физика-математика ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым ретінде болашақ ұрпаққа баға жетпес ғылыми мұра қалдырдыңыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету – бұл ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру. Сіздің еңбегіңіз осы құндылықтардың айқын көрінісі», – деді министр.

Жиында ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев академиктің ғылым мен білім саласындағы еңбегін ерекше атап өтті. «Төлеген Әбдісағиұлы – ірі ғалым ғана емес, білікті басшы, көреген ұйымдастырушы. Ол 2001-2008 жылдары университетті басқарып, білім сапасы мен ғылыми әлеуеттің жаңа деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. Ғалымның бастамасымен ҚазҰУ жанынан Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты құрылып, ғылым мен білімнің өзара ықпалдасуына жол ашты. Сондай-ақ оның қатысуымен құрылған Қазақстандық физикалық қоғам елдегі ғылыми қауымдастықты біріктіруге және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған маңызды ұйымға айналды», – деді университет басшысы.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов, сондай-ақ басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар пікір білдірді.

 

 

Конференция аясында Рахат-Би Әбдісағиннің «Новые горизонты. Физика и музыка» атты кітабының тұсаукесері өтті.

ылыми жиын барысында Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары ядролық физика, кванттық теория, фотоника, астрофизика және материалтану бағыттары бойынша пленарлық баяндамалар жасады.

ылыми форумның жұмысы теориялық және ядролық физикадан бастап, нанотехнология, астрофизика және конденсацияланған күй физикасына дейінгі өзекті мәселелерді қамтыған бес профильді секция аясында жалғасын тапты.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі