Кимасар шатқалындағы Сиверс алмасының көшеттерінің жерсінуі мен гүлдеуін мониторингтеуFarabi University

91ý

Кимасар шатқалындағы Сиверс алмасының көшеттерінің жерсінуі мен гүлдеуін мониторингтеу

29 сәуір 2026
Кимасар шатқалындағы Сиверс алмасының көшеттерінің жерсінуі мен гүлдеуін мониторингтеу

География және табиғатты пайдалану факультетінің «Экология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері 2026 жылғы 29 сәуірде Кимасар шатқалы, Іле-Алатауы ұлттық паркі аумағында бұрын отырғызылған Сиверс алмасының көшеттеріне мониторинг жүргізу мақсатында далалық іссапарға шықты. Сиверс алмасы – қазіргі барлық алма сорттарының арғы тегі болып табылады.

Аталған іссапар өткен күзде өткізілген экологиялық акцияның жалғасы болды. Сол кезде студенттер көшеттерді дұрыс отырғызу технологиясы бойынша практикалық шеберлік сабағынан өткен еді. Алдыңғы іс-шара барысында орман шаруашылығы мамандары студенттерді питомниктің қызметімен, көшет отырғызу мерзімдері мен ерекшеліктерімен таныстырды. Романова С.М. көшеттерді дұрыс отырғызу бойынша шеберлік сабағын өткізіп, одан кейін студенттер Сиверс алмасының көшеттерін өздері отырғызды.

Алынған білім мен практикалық дағдылар студенттерге ағымдағы сапар барысында өз еңбектерінің нәтижелерін бағалауға мүмкіндік берді. Студенттер агротехникалық талаптарды (отырғызу тереңдігі, топырақты нығыздау, кейінгі күтім) сақтау өсімдіктердің жерсінуіне және әрі қарай дамуына тікелей әсер ететінін іс жүзінде дәлелдеді. Қайталама сапар барысында Романова С.М. практикалық дағдылардың меңгерілу деңгейін де тексерді. Сонымен қатар студенттер «Топырақ экологиясы» пәні бойынша алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолданды.



Іссапар Gerdyn Dostary қоғамдық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттер көшеттердің жерсіну деңгейін және гүлдеу фактісін тексерді, бұл популяцияны қалпына келтірудің маңызды көрсеткіші болып табылады.

Сонымен қатар білім алушылар өсімдіктердің және қоршаған ортаның жағдайына визуалды бағалау жүргізіп, алдағы күтім мен мониторинг жүргізу ерекшеліктерін талқылады. Аталған іс- Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия-Герман институты тарапынан Gerdyn Dostary және Іле-Алатауы ұлттық паркі қолдауымен ұйымдастырылды.

Осылайша, қайталама сапар студенттерге теориялық білімдерін бекітіп қана қоймай, отырғызудан бастап нәтижені бағалауға дейінгі практикалық жұмыстың толық циклін бақылауға мүмкіндік берді. Бұл болашақ экологтардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруда ерекше маңызды.