Ректор Қытайда өткен Дүниежүзілік ЖИ конференциясына қатысты — ҚазҰУ

91ý

Ректор Қытайда өткен Дүниежүзілік ЖИ конференциясына қатысты

17 шілде 2026
Ректор Қытайда өткен Дүниежүзілік ЖИ конференциясына қатысты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты. 

Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына қолдау білдірді.

Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады. Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет, Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракул және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі