Министр кеңесшісі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты — ҚазҰУ

91ý

Министр кеңесшісі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты

17 шілде 2026
Министр кеңесшісі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР ылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев арнайы жұмыс сапармен келіп, қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты. 

Министрдің кеңесшісі талапкерлерге көрсетіліп жатқан қызметтердің ұйымдастырылу барысын бақылады. Сонымен қатар құжат қабылдау үдерісі, цифрлық сервистердің жұмысы, кеңес беру орталықтарының қызметі назарға алынды.

Қабылдау комиссиясының өкілдері Руслан Емелбаевқа талапкерлерге ұсынылатын білім беру бағдарламалары және қабылдау комиссиясының жұмысы туралы жан-жақты ақпарат берді. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында комиссия жұмысына барлық жағдай жасалған. Құжат тапсыруға келген талапкерлер мен ата-аналар үшін де барлығы жан-жақты қарастырылған. 

Комиссия құрамына факультеттердің арнайы мамандары, тәжірибелі оқытушылар және декан орынбасарлары енгізілген. Олар кәсіби бағыт-бағдар, кеңес беру және бакалавр, магистратура, докторантура, постдокторантура бойынша құжаттарды тапсыру жұмыстарын жүргізеді. Комиссия мүшелері талапкерлерге онлайн және офлайн форматта сапалы әрі жедел қызмет көрсетеді. Сондай-ақ электронды кезек жүйесі іске қосылған.

Руслан Емелбаев қабылдау комиссиясының жұмысына оң баға беріп, жауапты науқанды жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Ол комиссия мүшелеріне сәттілік тілеп, талапкерлерге сапалы қызмет көрсетуді әрі қарай да жоғары деңгейде жалғастыруға шақырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі