ҚазҰУ ғалымдары ең ірі халықаралық конференцияға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері геоақпараттық жүйелер саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі «Esri User Conference 2026» конференциясына қатысты.
Биылғы халықаралық іс-шараға әлемнің 130 елінен 18 000-нан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында ғалымдар, зерттеушілер, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың және білім беру ұйымдарының өкілдері бар.

АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өткен конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Тәукебаев пен «Farabi GIS» геокеңістіктік ғылымдар орталығының кіші ғылыми қызметкері Жанарыс Тұрымтаев қатысты.
Бағдарлама аясында 75-тен астам техникалық сессия ұйымдастырылып, жүздеген экспонент қатысатын көрме өткізілді.
Биылғы шараның басты тақырыбы – «ГАЖ: неғұрлым зияткерлік әлемді қалыптастыру». Бұл тақырып геокеңістіктік технологиялардың орнықты даму, табиғи ресурстарды басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамды цифрлық трансформациялау бағытындағы өзекті міндеттерді шешудегі маңызды рөлін айқындайды.

Университет өкілдерінің «Esri User Conference 2026» жиынына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, геоақпараттық технологиялар саласындағы озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы жетекші геокеңістіктік зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі