«Ақшаңды басқар - болашағыңды жоспарла»
2026 жылғы 29 сәуірде География және табиғатты пайдалану факультетінде «Ақшаңды басқар - болашағыңды жоспарла» тақырыбында 1-курс «Метеорология және гидрология» мамандығы студенттерімен тренинг-семинар өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырып, жүргізген оқытушылар - Амантай Таншолпан және Енсебай Гульназ.
Іс-шараның мақсаты студенттердің қаржылық сауаттылық негіздерін қалыптастыру, жеке бюджетті жоспарлау дағдыларын дамыту және жеке қаржыны басқаруда жауапкершілікті арттыру болды. Қойылған міндеттер аясында студенттер қаржылық жоспарлаудың негізгі ұғымдарымен, кірістер мен шығыстарды тиімді бөлудің қағидаларымен, сондай-ақ үнемдеу мен жинақтаудың маңыздылығымен танысты.
Тренинг-семинар интерактивті форматта өтіп, пікірталас, практикалық тапсырмалар және кейстерді талдау элементтерін қамтыды. Сабақ барысында жеке бюджеттің құрылымы, қаржылық мақсаттарды қою, ақшаны басқаруда жиі кездесетін қателіктер, сондай-ақ жинақтау мен инвестициялаудың бастапқы принциптері қарастырылды. Практикалық бөлімге ерекше назар аударылып, студенттер өздерінің жеке бюджетін құрып, қаржылық әдеттерін талдап, болашақ шығындарын жоспарлады.
Қатысушылар жоғары белсенділік танытып, талқылауларға белсене қатысып, ұсынылған тапсырмаларды қызығушылықпен орындады. Тренинг-семинар нәтижесінде студенттер қаржылық сауаттылық бойынша бастапқы білім алып, өз кірістері мен шығыстарын талдауды үйренді және ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлаудың маңыздылығын түсінді.
Осылайша, өткізілген іс-шара студенттердің жеке қаржыны басқаруға деген жауапкершілігін арттырып, болашақты тиімді жоспарлаудың маңызын ұғынуға ықпал етті.