ҚазҰУ студенттері туризм олимпиадасында үздік шықты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында туризм бағыты бойынша «ЖасТур» кубогына арналған XIV жоғары оқу орындары арасындағы республикалық олимпиада өтті. Ауқымды білім сайысына еліміздің жетекші жоғары және арнаулы оқу орындарынан 11 команда қатысты. Қатысушылар қатарында ҚазҰУ, Нархоз университеті, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Каспий университеттік колледжі, Тұран университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Қазақ-қытай тіл колледжі командалары болды.

Іс-шараны университеттің Рекреациялық география және туризм кафедрасы мен ҚР туризм және спортты дамыту «ЖасТур» клубы бірлесіп ұйымдастырды.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар туризм және география салаларындағы теориялық білімдерін көрсетті. Екінші кезеңде студенттер тәжірибелік тапсырмалар арқылы өз дағдыларын нақты жағдайда сынады. Ашық алаңда өткен туристік көпсайыс барысында командалар күрделі қашықтықтарды еңсеріп, төзімділік, жылдамдық және үйлесімді әрекет ету қабілеттерін ортаға салды. Бұл формат қатысушылардың кәсіби даярлығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
.jpeg)
Ұйымдастырушылар олимпиаданың басты мақсаты студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту және тәжірибелік дағдыларын жетілдіру екенін атап өтті.
«Туризм – теория мен тәжірибе тығыз ұштасқан сала. Мұндай жарыстар студенттерге өз әлеуетін іс жүзінде көрсетуге және болашақ мамандығының талаптарын терең түсінуге жол ашады», – деді ұйымдастыру комитетінің өкілдері.
.jpeg)
Қарқынды өткен бәсеке қорытындысы бойынша ҚазҰУ командасы үздік шығып, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар жоғары дайындық көрсеткен өзге де жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі