«ЖЫЛУЛЫҚ СЫЙЛА» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫFarabi University

91ý

«ЖЫЛУЛЫҚ СЫЙЛА» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ

30 сәуір 2026
«ЖЫЛУЛЫҚ СЫЙЛА» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасында «Жылулық сыйла» әлеуметтік жобасы аясында тәрбиелік мәні зор қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Жоба аясында кафедраның аға кураторы Сарсембекова З.К. жетекшілігімен эдвайзерлер мен студенттер «Karima» қарттар үйіне барып, қарияларға құрмет көрсетіп, жанашырлық пен қамқорлық танытты. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің бойына мейірімділік, үлкенге құрмет, адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін сіңіру, сондай-ақ қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру болды.

Кафедра ұжымы мен студенттер қарттар үйіне арнайы дастархан жайып, қарияларға қажетті тұрмыстық заттар мен керек-жарақтарды табыстады. Сонымен қатар, жастар мекеме ауласын тазалау жұмыстарына белсенді қатысып, айналаны ретке келтірді. Студенттер ауладағы шөптерді жұлып, тазалық жұмыстарын жүргізсе, қыздар мен оқытушылар дастархан әзірлеп, қариялармен жылы әңгіме құрып, олардың ақ батасын алды.

Бұл игі іс кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының қолдауымен жүзеге асты. Сонымен қатар, Таукебаев Ө.Ж. демеушілік көрсетіп, қажетті заттарды алуға елеулі үлес қосты. Осындай жанашырлықтың арқасында жоба шынайы қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналды.

Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Осындай тағылымды кездесулер студенттердің рухани дамуына оң әсер етіп, үлкенге қамқор болудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Қариялардың алғысы мен ақ батасы – кез келген игі істің ең үлкен марапаты.

«Жылулық сыйла» жобасы – жастардың жүрегіне мейірім мен жанашырлық ұялататын маңызды бастама. Картография және геоинформатика кафедрасы алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы зор шараларды жалғастырып, ізгілікке негізделген жұмыстарын одан әрі дамыта бермек.