Заманауи Fintech аудиториясы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Fintech & Innovation оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Экономика және бизнес жоғары мектебі базасында құрылған жаңа білім беру кеңістігі цифрлық экономика мен қаржы секторына жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Жоба ҚазҰУ түлегі, Дубай қаласында (БАӘ) қызмет ететін қаржы талдаушысы Гүлнұр Исабектің бастамасы және қолдауымен жүзеге асты.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов жобаның стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай заманауи білім беру алаңдары университетке цифрландырудың жаһандық үрдістеріне ілесіп қана қоймай, елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға белсенді үлес қосуға ықпал етеді. Сондай-ақ жаңа аудитория жас таланттар үшін тартымды орталыққа айналып, қаржы саласындағы жасанды интеллект, блокчейн технологиялары сияқты өзекті бағыттарды меңгеруге жол ашады.

Fintech & Innovation кеңістігі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл студенттерге «Қаржы» және «Есеп және аудит» білім беру бағдарламалары аясында нақты бизнес-процестерді модельдеуге мүмкіндік береді. Білім алушылар цифрлық төлем жүйелері, смарт-келісімшарттар және қаржылық талдау әдістерін тәжірибе жүзінде игереді. Сонымен қатар аудиторияда хакатондар, шеберлік сыныптары және жетекші банктер мен халықаралық финтех-компания өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Аталған аудиторияның ашылуы – университеттің білім, ғылым және бизнесті терең ықпалдастыруға бағытталған стратегиялық бағытының бір бөлігі. Мұндай бастамалар ҚазҰУ-дың халықаралық академиялық рейтингтердегі орнын нығайтып, түлектерінің қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерге ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар