ЖАСТАР ЖӘНЕ БІРЛІК ҚҰНДЫЛЫҒЫ: МАЗМҰНДЫ КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ
2026 жылғы 30 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасына қарасты «6В02207 - Шығыстану» мамандығының 2 курс студенттері «Қазақстан халқының бірлігі күні» тақырыбында тағылымы мол кураторлық сағат өткізді. Іс-шараны аға куратор А. Қырқымбекова жоғары деңгейде ұйымдастырып, білімге құштар, болашағына сеніммен қарайтын жастардың басын қосты.
Бұл кездесу тек мерекелік жиын ғана емес, ел бірлігінің мәнін терең ұғындыруға бағытталған мазмұнды алаң болды. 1 мамыр - Қазақстанда ресми түрде Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде атап өтілетіні белгілі. 1996 жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мереке еліміздегі сан түрлі этностардың татулығы мен келісімінің символы. Көктем мен жаңарудың, еңбек пен ынтымақтың белгісі саналатын бұл күн халықтар достығын дәріптеп, ортақ құндылықтарды нығайтуға қызмет етеді.
Кураторлық сағат барысында студенттер ұлттық бірлік, мәдени әртүрлілік және қоғамдық келісім тақырыптарында ой бөлісіп, өзара пікір алмасты. Танымдық презентациялар, шағын қойылымдар мен интерактивті талқылаулар арқылы жастар еліміздің басты байлығы - бірлік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты - студенттер арасында патриоттық рухты қалыптастыру, мәдениетаралық диалогты дамыту және Қазақстан қоғамындағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын насихаттау болды. Сонымен қатар, мұндай бастамалар университеттің стратегиялық миссиясымен үндесіп, білімді ғана емес, саналы әрі жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталғанын айқын көрсетті.
Бұл кураторлық сағат - бірлік пен достықтың жарқын көрінісі ғана емес, болашақ көшбасшылардың ел тағдырына бейжай қарамайтындығын көрсеткен маңызды қадам болды.
Абелдаев Ж.
Басқа жаңалықтар