Білімге ашылған есікFarabi University

91ý

Білімге ашылған есік

30 сәуір 2026
Білімге ашылған есік

«Сапалы білім» атты тұрақты дамудың №4 мақсаты аясында 2026 жылдың 30 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «Ашық есік күні» өтті. Аталған іс-шараға Алматы қаласындағы №15 гимназия, №145 мектеп-гимназия, №174 мектеп-гимназия, республикалық Абай Ұлттық мектебі және №207 мектеп-лицей оқушылары қатысып, факультеттің білім беру мүмкіндіктерімен кеңінен танысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге филология саласындағы мамандықтарды таныстыру, кәсіби бағдар беру және талапкерлерге болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт-бағдар ұсыну болды. Шараның кіріспе сөзін филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жолдасбекова Баян Өмірбекқызы бастады. Өз сөзінде ол факультеттің ғылыми-білім беру әлеуетіне тоқталып, талапкерлерге сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болудың маңыздылығын атап өтті.

 Кездесу барысында факультеттің жетекші кафедралары, атап айтқанда Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы, А.Байтұрсынов атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасы, Түркология және тіл теориясы кафедрасы, сондай-ақ Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы өз білім беру бағдарламалары бойынша жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар оқу үдерісі, мамандық ерекшеліктері мен студенттік өмір туралы толық мәлімет алды. Шара аясында оқушылармен интерактивті форматта түрлі ойындар ұйымдастырылып, олардың белсенділігі ерекше байқалды. Ойын жеңімпаздарына университеттің логотипі бейнеленген арнайы сыйлықтар табысталды. Іс-шара барысында талапкерлер оқытушылармен тікелей байланыс орнатып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Мұндай кездесулер жастардың жоғары білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ кәсіби бағытын айқындауға зор мүмкіндік береді.

Ф.ғ. к., аға оқытушы, факультеттің кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты 

Солтанаева Е. М.