Криптология олимпиадасында ҚазҰУ студенттері жеңіске жеттіFarabi University

91ý

Криптология олимпиадасында ҚазҰУ студенттері жеңіске жетті

30 сәуір 2026
Криптология олимпиадасында ҚазҰУ студенттері жеңіске жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Криптология» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері XVIII республикалық пән олимпиадасы аясында өткен «Ақпаратты қорғаудың математикалық негіздері және криптология» бағытында айрықша нәтиже көрсетіп, үш жүлделі орынды иеленді. 

Дода қорытындысы бойынша бірінші орынды Нұрбақыт Ермек, екінші орынды Зарина Сбаш, ал үшінші орынды Сырым Исмаилов жеңіп алды. Сонымен қатар Темірлан Рүстемов пен Алмас Тоқтасын және олардың ғылыми жетекшісі Дәурен Назарбаев арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Үш күрделі кезеңнен тұрған олимпиада барысында қатысушылар сандар теориясы мен модульдік арифметика бойынша теориялық білімдерін саралап, практикалық кезеңде криптоанализ саласындағы шеберліктерін көрсетті. Әсіресе радиокриптоанализ бен кодек зерттеулеріне арналған технологиялық тұрғыдан ең күрделі үшінші кезеңде ҚазҰУ студенттері заманауи құралдарды еркін меңгергенін, цифрлық радиожелілер протоколдарын терең түсінетінін және шифрлау жүйелеріндегі осал тұстарды анықтауға қабілетті екендігін дәлелдеді.

Бұл тапсырмалар жастардың болашақ кәсіби қызметінде жиі кездесетін мәселелерді шешуге бағытталған. Нәтижесінде студенттер жоғары деңгейде дайындықты, ҚазҰУ-дың білім беру процесінің тұрақтылығы мен жоғары стандарттарына сәйкестігін дәлелдеді.

«Криптология» білім беру бағдарламасы ақпараттық қауіпсіздік саласында білікті мамандарға деген сұранысқа жүйелі жауап және елдегі жетекші бағдарламалардың бірі болып саналады.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі