Шетелдік ғалымдармен бірлескен археологиялық зерттеулер жоспарландыFarabi University

91ý

Шетелдік ғалымдармен бірлескен археологиялық зерттеулер жоспарланды

22 сәуір 2026
Шетелдік ғалымдармен бірлескен археологиялық зерттеулер жоспарланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев XVIII «Оразбаев оқуларына» арналған халықаралық  конференцияға келген шетелдік ғалымдарды қабылдады.

Құрметті қонақтар құрамында Кембридж университетіндегі Макдональд археологиялық зерттеулер институтының ғалымы Ребекка Робертс, Германиядағы Макс Планк геоантропология институтының жетекшісі Роберт Шпенглер, Алтай мемлекеттік университетінің археологі, тарихшы Алексей Тишкин, Ресей ғылым академиясындағы Археология және этнография институтының ғалымы Андрей Кривошапкин бар.

Кездесу барысында тараптар археолог мамандарды бірлесіп даярлау, тарих және мәдени мұра бағытындағы ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев XVIII «Оразбаев оқуларына» арналған ғылыми конференцияға қатысуға арнайы келген зерттеуші-ғалымдарға шынайы алғысын білдіріп, олардың бұл сапары екіжақты ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға серпін беретінін атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы тарих факультетінің ғалымдары жыл сайын Қазақстан аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, түрлі жобаларды іске асырып келеді. Сіздердің зерттеулеріңіз бен ғылыми жетістіктеріңіз археология мен тарих ғылымының дамуына зор ықпал етіп отыр. Осы орайда, ҚазҰУ ғалымдарымен бірлесе отырып, ортақ археологиялық жұмыстарды жүргізуді ұсынамын. Бұған қосымша, бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеп, білікті мамандарды даярлау маңызды шешім деп санаймын», – деді ректор.

Өз кезегінде шетелдік ғалымдар ұсыныстарды қолдап, өз пікірлерін ортаға салды. Кембридж университетіндегі Макдональд археологиялық зерттеулер институтының ғалымы Ребекка Робертс далалық зерттеулерді ұйымдастыру және нәтижелерді халықаралық деңгейде жариялау мәселесіне ерекше назар аударды. Ал Роберт Шпенглер кездесуде цифрлық археологияны дамыту бойынша өз ойын білдірді.

Келіссөз нәтижесінде тараптар арнайы жол картасын дайындап, жұмыс жоспарын бекітуге уағдаласты.