Қиыр Шығыс кафедрасы көркем аударма бойынша халықаралық жобаны жүзеге асырудаFarabi University

91ý

Қиыр Шығыс кафедрасы көркем аударма бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыруда

30 Сәу, 2026
Қиыр Шығыс кафедрасы көркем аударма бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыруда

Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Корея Республикасының Көркем аударма институтының қолдауымен 2026 жылдың сәуір айынан бастап «Шетелдік ЖОО-лар үшін көркем аударма бойынша шеберлік сабағы» атты білім беру жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында корейтану бөлімінің студенттері мен магистранттары Ким Доң Ни жазушының «Бақсы қыз» атты танымал шығармасын қазақ тіліне көркем аудару жұмыстарымен айналысуда.

2026 жылдың 30 суірінде аталған шеберлік сабақ аясында Корея Республикасының Тэгу университетінің профессоры Пак Гю Джун мырзамен онлайн форматта дәріс-кездесу өтті. Дәріс барысында профессор Ким Доң Ни жазушының «Бақсы қыз» шығармасына көркемдік және мәдени талдау жасап, ғылыми пайымдарымен бөлісті. Сондай-ақ әдебиеттанушы ретінде шығарманың жазылу контекстін түсіндіріп, жан-жақты талдау жүргізді.

Аталған онлайн семинарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Сүлеймен Демирел университетінің корейтану бөлімінің студенттері мен корей тілін таңдаған білім алушылар қатысты.

Студенттер шығармадағы көркемдік ерекшеліктер мен оны қазақ тіліне аударудағы қиындықтарға қатысты үлкен қызығушылық танытып, белсенді түрде сұрақтар қойды. Кездесу шығарманы тереңірек түсінуге, тілдік және мәдени құзыреттілікті жетілдіруге, сондай-ақ көркем аударма саласындағы практикалық дағдыларды дамытуға айтарлықтай ықпал етті.

Бұл шеберлік сабақтар Қиыр Шығыс кафедрасының білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіндегі маңызды шаралардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, Корея мен Қазақстан арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосуда. Жоба студенттердің корей әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, Корея Республикасының академиялық қауымдастығы өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Жоба барысында жинақталған тәжірибе корейтану мен әдеби аударма саласында жоғары білікті мамандар даярлауда маңызды қадам болып табылады. Қиыр Шығыс кафедрасы бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді және студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жоспарлап отыр.