Алматыда 1973 жылы қыркүйек айында Азия-Африка жазушыларының бесінші конференциясы өтті. Он күнге созылған жиынға 100-ден аса елдің өкілдері қатысты. Форумға тек Азия-Африка елдерінен ғана емес, Еуропа, Америка құрлықтарынан көптеген өкілдер жиналды. Аталмыш форумның тарихы 1958 жылғы күзден басталады. Сол жылы Ташкент қаласында аталған форумның тұңғыш конференциясы өтеді. Бұл туралы «Білім және еңбек» журналының 1973 жылғы тамыз айындағы нөмірінде Қазақстан жазушылар одағы басқармасының секретары Қалаубек Тұрсынқұлов жазған. Мақалада автор: «Конференцияның бір күні Шығыстың екінші ғұламасы аталған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналмақ. Бұл күні қонақтар республика ылым академиясында болып, Фараби туралы сұхбаттасады, қаланың көрікті жерінің бірінде ұлы ғалым атындағы демалыс орны белгіленбек», – деп атап өтеді.
Әдебиет зерттеушісі Мұхамеджан Қаратаев «Қазақстан коммунисі» журналының 1973 жылы №9 санында жарияланған «Екі континент жазушыларының үлкен жиыны» атты мақаласында: «Алматы конференциясының бір күні біздің жерлесіміз, Шығыстың ұлы энциклопедист ғалымы, «Екінші Аристотель» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толу құрметіне арналады. Бұл қазақ халқы үшін үлкен абырой», – деп мақтанышпен жазады.
1973 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №37 7 қыркүйек күнгі шығарылымында: «Алдымыздағы 9 сентябрьде, таңертеңгі сағат 11-де Қазақ ССР ылым академиясының үлкен конференц-залында Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған мәжіліс ашылады. Оны Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумы мен Азия және Африка елдері жазушыларының халықаралық V конференциясын өткізу жөніндегі Совет комитеті өткізеді. Мәжілісте ұлы ғұлама туралы арнаулы баяндамалар жасалады, конференция делегаттары сөйлейді», – деп хабарлама жарияланады.
Газеттің аталған нөмірінде Еркеболат Бекмұхаметов пен Садық Қасимановтың «Ғалымның дүниетанымы» атты мақаласы жарияланады. «Оның өлмес-өшпес еңбектері мен жасампаз есімін бүкіл дүниежүзі халықтары арада мың жыл өткеннен кейін де еске алып отыр. Бұл – көпұлтты Совет Одағы халықтары үшін, оның ішінде Фарабидің туған жері қазақ даласы үшін үлкен мерей», – деп қорытындылайды мақала авторлары. Осы жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуленов еді. Сондай-ақ газеттің осы нөмірінде суретші Сахи Романовтың қазіргі уақытта ұмыт болған Фараби бейнесі жарияланыпты. Бұл туралы ақпаратты «Казахстанская правда» газетінің 11 қыркүйектегі №213 санынан кездестірдік. «Живописный обзор аль-Фараби» деп аталатын шағын ақпараттық материалда автор А.Сабиров әл-Фарабидің бұл бейнесін суретші Сахи Романов Ақжан Машановтың елеулі көмегі арқылы салғанын жазған екен. Сахи Романов әл-Фарабидің бейнесін салған туындысына екі жыл уақытын кетіріпті. Туынды үшін әл-Фарабидің туған жері Отырарда бірнеше рет болды деп жазады. Сондай-ақ аталған басылымның сол нөмірінде «День памяти великого мыслителя» атты көлемді мақала жарияланады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1973 жылғы жұма, 14 қыркүйектегі №38 шығарылымының басты мақаласы «Ұлы ойшылды еске түсіру күні» деген тақырыппен жарияланды. Мақаланың дерекккөзі ретінде КазТАГ көрсетілген. Айта кетейік, осы тақырыппен мақалаларды сол кездегі «Казахстанская правда» газеті (11 қыркүйек №213 «День памяти великого мыслителя» атауымен), «Социалистік Қазақстан» газеті (№213 11 қыркүйек, 1973), «Лениншіл жас» газеті (№179 11 қыркүйек, 1973 жыл) басты мақала ретінде жариялайды.
«Қазақ ССР ылым академиясының үлкен конференц-залында 9 сентябрьде академия ғалымдары мен Азия-Африка елдері жазушыларының V конференциясына қатысушылардың мәжілісі болды. Ол Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабиді еске түсіруге арналды», – деп жазады.
Бабажан Ғафуровтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1973 жылғы №39 нөмірдегі шығарылымындағы «Қымбат мұра» мақаласында «Философия ғылымында әл-Фарабидің орны өзгеше. Ол Аристотельдің философиясын әр алуан мистикалық қоспалардан арылтып, одан әрі дамытты. Ұлы ғұлама әл-Фараби туғаннан бері 1100 жылдан асты. Сөйте тұра, біз оған өзіміздің бүгінгі бір замандасымыздай зер саламыз. Сонда біз оның бүкіл өмірі мен еңбегінен тамаша гуманисті, адамдар арасындағы достық жаршысын, ғылым мен адам ақыл-ойының ұлы бағалаушысы мен мұрагерін көргендей боламыз», – деп жазады.
«Әл-Фараби – ұлы ойшыл, гуманист. Ол мәдениет пен ғылымға жан-жақты және жемісті үлес қосты. Адам рухының бостандығы мен гуманизмнің ізгі заңдары жолындағы, адам баласын рухани жағынан ағарту жолындағы күрес – әл-Фараби шығармашылығының негізгі түйіні», – дейді мәжілісте баяндама жасаған Қазақ ССР ылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Қасымжанов.
1975 жылы 9 қыркүйекте Мәскеуде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекесіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газеті 1975 жылғы 11 қыркүйекте №212 нөмірінде жазады.
Совет және шетел ғалымдарының баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан үлесі, оның философиялық, әлеуметтік-саяси, этикалық және эстетикалық көзқарастары, жаратылыс-ғылыми және математикалық мұралары баяндалған. Әл-Фарабидің мерекесіне арналған салтанат Алматыда сол жылдың 11-13 қыркүйегі аралығында жалғасқан.
«Лениншіл жас» газетінің 1975 жылғы №179 санында Әнуар Әлімжанов «Ғұлама» атты мақаласында: «Қазір көне керуен жолдары ұмыт қалды, транспорт та, мемлекеттер шекаралары да бөлек. Басқа уақыт, басқа өмір. Менің әл-Фараби ізімен жүрген сапарым да басқаша түзілген», – деп ұлы ойшылдың ізімен шыққан саяхатынан естеліктерін жазады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1975 жылғы №37 шығарылымында «1975 жылы аса көрнекті ғалым-ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекелік тойын өткізуге және оны мәңгі есте қалдыруға байланысты Қазақ ССР Министрлер Советі арнайы қаулы қабылдады.
Әл-Фарабидің есімі Шымкент педагогика мәдениет институты мен Түркістан қаласындағы №386 жалпы білім беретін орта мектепке беріліп, олар бұдан былай Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика мәдениет институты және Әбу Насыр әл-Фараби атындағы №386 жалпы білім беретін орта мектеп деп аталатын болды.
Алматының бір көшесіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беру жөніндегі мәселені шешу Алматы қалалық атқару комитетіне тапсырылды. Астанада сонымен қатар Әбу Насыр әл-Фарабиге ескерткіш орнатылатын болады», – деп қаулыны жариялайды. Кейін ҚазССР Министрлер Кабинетінің №629 қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фарабидің есімі беріліп, 1993 жылдың 9 қаңтарындағы №1059 ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталды. Үкіметтің 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді және ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді.
Жетекші ұлттық университетке әл-Фараби есімінің берілуі бұрынғы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихи ғибраттарын студент жастарды тәрбиелеуде және барлық жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік рухында білім беруде аса зор мәнге ие.
Республикалық әл-Фараби ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы 1993 жылы 1 қаңтарда ҚР Білім министрлігінің 1992 жылы 21 қазандағы №407 бұйрығы мен 1992 жылы 14 қазандағы Ғылыми кеңес шешіміне сәйкес ашылды.
Орталықтың негізгі қызметі әл-Фараби және басқа да көрнекті қазақ ғалымдары мен ойшылдарының еңбектерін жан-жақты зерттеу және ол шығармаларды оқу үрдісі мен ғылыми зерттеулерде кеңінен қолдану тұрғысында жұмыстар жүргізу болып саналады.
Әл-Фараби мұрасына деген әлемдік ғылыми қауымдастық үнемі белсенді жұмыстар үстінде. Мәселен, Иран Ислам Республикасы Саңлақтар мұрасы қоғамының ұсынысымен 2021 жылдың 21 қарашасында (Иран күнтізбесі бойынша 1400 жыл, абан айының 30-жұлдызы) Иранда тұңғыш рет ресми түрде «Әл-Фараби күні» ретінде күнтізбеге енгізді. Содан бері Иран ғалымдары мен ғылыми қауымдастығы бұл күнді атап өтіп келеді. Ал Әл-Фараби күнін атап өту дәстүрінің негізі ең алдымен Қазақстанда қаланған болатын. Бірақ арада жылдар өтіп, ұмыт қалған жайы бар. Біз бұл мақалада мерзімді басылымдардағы дүркін-дүркін жарияланған көлемді ақпараттар мен мақалалардың негізінде 1973 жылы қыркүйек айының 9-шы жұлдызы бірінші рет Әл-Фараби күні ретінде аталып өткенін, ол мәжілістен кейін 1975 жылы ғұламаның 1100 жылдық мерейтойы алғаш рет кең көлемде тойланғанын айтқымыз келді. Бұл ұлы ойшылға өз туған жерінде ғалымдардың ізденістері мен табандылығы нәтижесінде жасалған алғашқы қадам әрі қазіргі фарабитану мектебінің негізгі іргетасына айналды. Араға талай жылдар салып, өткен күзде Әл-Фараби күнін университет қабырғасында атап өттік. Бұл игі дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыратын ойымыз бар.
Алдағы уақытта бұл күн 1160 жылдығы жақындап қалған бабамыздың мерейтойында барынша жоғары деңгейде өтетіне сенімдіміз. Бұл тұрғыда университетімізде философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы және Ағын Қасымжанов негізін қалаған Әл-Фараби орталығы кешенді зерттеулерді жалғастырып, мәдени-шығармашылық кеңістікте ауқымды шаралар өткізуге дайын.
Әсет ҚҰРАНБЕК,
философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
Философия кафедрасының доценті міндетін атқарушы,
PhD