ҚазҰУ Бакудегі білім көрмесіне қатысты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ Бакудегі білім көрмесіне қатысты

4 мамыр 2026
ҚазҰУ Бакудегі білім көрмесіне қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Баку қаласында өткен «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесіне қатысып, оқу орнының білім беру бағдарламаларын таныстырды. 

Әзірбайжандық «İZ Community Education» нетворкингтік платформасы ұйымдастырған бұл шараға мектеп бітіруші түлектер, талапкерлер, ата-аналар және академиялық серіктестікке ниетті жергілікті университет өкілдері жиналды.

Көрме барысында ҚазҰУ-дың ақпараттық стенді ең танымал алаңдардың біріне айналды. Интернационалдандыру және рекрутинг департаментінің мамандары ағымдағы жылғы түлектерге 100-ден астам жеке кеңес берді. Әзірбайжан жастары білім беру бағдарламаларының мазмұнына, оқу тіліне, гранттар мен жатақхана жағдайына ерекше назар аударды.

Бүгінде Қазақстан «Study in Kazakhstan» білім беру брендін жүйелі түрде дамытып келеді, ал Әзірбайжан – отандық жоғары оқу орындарына деген сұраныс жыл санап артып келе жатқан стратегиялық бағыттың бірі. Көрме аясында ҚазҰУ делегациясы Әзірбайжан Республикасының төрт рекрутингтік компаниясымен жұмыс кездесуін өткізіп, талапкерлерді оқуға қабылдау процесін сүйемелдеу бойынша бірлескен жоспарларды талқылады. Екі ел арасындағы тілдік және мәдени жақындық, сондай-ақ географиялық қолжетімділік әзірбайжандық студенттерді еліміздің жетекші университетіне тартуға қолайлы орта қалыптастырып отыр.

ҚазҰУ-дың халықаралық рекрутинг географиясын кеңейтуге бағытталған бұл жүйелі жұмысы шетелдік студенттердің үлесін арттыруға септігін тигізеді. Бакуде өткен кездесулер мен келіссөздер Әзірбайжан бағытындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің іргетасын бекіте түсті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі