ҚазҰУ-да Кореяның сот жүйесі өкілдерімен диалог өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Корея Республикасы сот жүйелері өкілдерінің кездесуі өтті. Басқосу барысында құқықтық жүйелерді дамыту, сот тәжірибесін жетілдіру және академиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Жиынды ашқан ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Дүйсенов университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан қонақтарға ілтипат білдіріп, жаһандану дәуіріндегі кәсіби тәжірибе алмасудың стратегиялық маңызына тоқталды.

Өз кезегінде Корея Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ли Хынгу баяндама жасап, өз еліндегі сот төрелігінің тиімділігін арттыру жолдары мен құқықтық жүйенің өзіндік ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар ол екі елдің институционалдық құрылымындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарға талдау жасады.

Кездесу барысында ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов факультеттің ғылыми әлеуетін таныстырып, бірлескен зерттеулер мен академиялық ұтқырлықты дамытуға дайын екендігін жеткізді.

Шараға Корея Жоғарғы сотының судья-зерттеушісі Ча Джинсок, Алматы қалалық сотының өкілі Мейірбек Байгелов және Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Абай Жарылқасын бастаған білікті сарапшылар мен оқытушылар құрамы қатысты.

Делегация мүшелері университет кампусын аралап, заманауи инфрақұрылыммен және болашақ заңгерлерді даярлаудың озық жүйесімен танысты. Кездесу соңында тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға және әріптестікті тереңдетуге уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар