Президент көмекшісіне ҚазҰУ-дың ЖИ-жобалары көрсетілдіFarabi University

91ý

Президент көмекшісіне ҚазҰУ-дың ЖИ-жобалары көрсетілді

5 Мам, 2026
Президент көмекшісіне ҚазҰУ-дың ЖИ-жобалары көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев пен ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова арнайы жұмыс сапарымен келіп, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевпен өткен кездесуде тараптар ғылым мен өндірісті ұштастыру, оқу процесіне озық технологияларды енгізу және цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелерін талқылап, бірлескен бастамаларды қолдауға уағдаласты.

Президент көмекшісіне жаңадан ашылған Қазақстанның төмен биіктік экономикасы индустриялық-зерттеу орталығының қызметі туралы толық мәлімет берілді. Мұнда цифрлық шешімдерді әзірлеу, жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізу, сондай-ақ индустриялық бағыттағы кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қолға алынған. Сонымен қатар орталық студенттер мен жас мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, оларды нақты өндірістік жобаларға тартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға оң ықпал етеді.

Сонымен қатар Қуанышбек Бақытбекұлы ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті жанындағы Quantum AI зертханасының, Киберқауіпсіздік орталығының және Жасанды интеллект зертханасының технологиялық мүмкіндіктерін аралап көрді.

Мемлекет басшысының көмекшісі университет ұжымының ізденістеріне оң баға бере отырып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту еліміздің стратегиялық басымдығы екенін айтты. Ол жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру білікті мамандар даярлаудың ғана емес, мемлекеттің цифрлық егемендігін нығайтудың кепілі екеніне ерекше тоқталды.

      Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі