ҚазҰУ мен «Чжунгуаньцунь» ЖИ саласында күш біріктіреді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Чжунгуаньцунь ғылыми қалашығы» Бейжің инновациялар мен даму компаниясының делегациясымен кездесті. Шетелдік делегацияны Қытай – ШЫҰ ЖИ қолдану бойынша ынтымақтастық орталығының директоры Пан Цзинъюй мырза бастап келді. Тараптар жоғары технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы стратегиялық серіктестік мәселелерін талқылады.
Меймандарды қарсы ала отырып, университет басшысы ҚазҰУ-дың ғылыми дипломатияның негізгі алаңы екенін атап өтті. «Технология саласындағы Қазақстан мен Қытайдың өзара іс-қимылы – бұл тұрақты болашақ құрудың құралы. Біздің университет қазақтілді орта үшін үлкен тілдік модельдерді әзірлеуде маңызды рөл атқарады, бұл елдің цифрлық егемендігін нығайтуға тікелей ықпал етеді», – деді ректор.

Қытай делегациясының басшысы өз кезегінде 10 мың жоғары технологиялық кәсіпорын мен 37 жетекші жоғары оқу орнының басын біріктірген Қытайдың басты инновациялық кластері – Чжунгуаньцунь ғылыми қалашығы туралы баяндады. Ал Қытай – ШЫҰ ЖИ қолдану бойынша ынтымақтастық орталығы ресурстармен алмасу және кадрлар даярлауға басымдық береді. Пан Цзинъюй есептеу қуаттары мен ғылыми деректерді пайдалану, ортақ ғылыми орталықтар мен инновациялық платформалар құру бағытында күш біріктіруге жоғары қызығушылық білдірді.

Келіссөз барысында «ақылды» білім беру жүйелерін құру және жасанды интеллектіні университеттің ғылыми зерттеулері мен оқу процесіне белсенді енгізу мәселелері де сөз болды. Бүгінде ҚазҰУ Қытайдың 94 ұйымымен, соның ішінде Цинхуа және Пекин университеттерімен тығыз жұмыс істейді. Бұл сапар бірлескен ғылыми зертханалар ашуға және Чжунгуаньцунь экожүйесі аясында деректерді басқарудың этикалық стандарттарын іске асыруға негіз қалады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар