ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМFarabi University

91ý

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМ

5 мамыр 2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМ

2026 жылдың 5 мамырында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында өткен маңызды кездесу университеттің халықаралық бағыттағы стратегиялық дамуының айқын көрінісіне айналды. Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасы ұйымдастырған бұл іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді мақсат етті.

Кездесуге Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім атташесі Şükür Köse, сондай-ақ Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігінің өкілдері – жоғары білім және сыртқы білім беру бас басқармасы бас директорының орынбасары Eyüp Tanyıldız және сыртқы білім департаментінің басшысы Cabir Durak қатысты. Құрметті қонақтар халықаралық білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, екі ел арасындағы академиялық серіктестіктің болашағына қатысты маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шара барысында кафедра меңгерушісі А. Халел және профессор-оқытушылар құрамы белсенділік танытып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, аға оқытушы Нұрат Ильяс, профессор Саваш Шахин, профессор З. Шадкам ғылыми және білім беру үдерісін жетілдіру бағытындағы өзекті ойларын білдірді. Кездесу ашық форматта өтіп, студенттер мен оқытушылар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде академиялық ортада серіктестік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.

Жиынның негізгі бағыты студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, халықаралық тағылымдамаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіби құзыреттіліктерін арттыру мәселелеріне арналды. Түркиядағы жоғары білім беру жүйесі, гранттық бағдарламалар мен мансаптық даму жолдары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, шетелде тәжірибеден өткен студенттердің өз тәжірибелерімен бөлісуі қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, жастардың кәсіби өсуіне ынталандырушы фактор болды.

Кездесудің маңызды нәтижесі ретінде студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің ашылуын атап өтуге болады. Бұл бастама болашақ мамандардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.

Қорытындылай келе, аталған кездесу университеттің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, білім беру сапасын жетілдіруге де серпін береді. Мұндай бастамалар білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, оларды заманауи талаптарға сай білікті маман ретінде қалыптастыруға жол ашады.

Кыркымбекова А.

Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының

ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары