ҚазҰУ студенттері фармацевтикалық олимпиадада озып шықты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында өткен XII республикалық олимпиадада жоғары кәсіби дайындық деңгейін танытып, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша университет намысын лайықты қорғады.
Олимпиадаға қатысу білім алушыларға фармацевтикалық өндіріс саласындағы кәсіби міндеттерді шешуде терең теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын және құзыреттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Байқау бағдарламасы болашақ сала мамандарының даярлық деңгейін бағалауға, теориялық және тәжірибеге негізделген тапсырмаларды орындауды қамтыды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеке есепте бірінші орынды ҚазҰУ-дың 3-курс студенттері – Федор Погоров, Жәния Тұрысбекова, командалық есепте екінші орын «Substance» командасына берілсе (ғылыми жетекшісі – химия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ю.А.Литвиненко), ал үшінші орынды 4-курс студенттерінен құралған «Pharmavision» командасы иеленді (ғылыми жетекшісі – химия ғылымының кандидаты, доцент А.К.Тоқтабаева).

Сайыс студенттердің республикалық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Білім алушыларды даярлауда химия және химиялық технология факультетінің Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының жүйелі әрі мақсатты жұмысы маңызды рөл атқарды. Бұл жұмыс кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға, аналитикалық ойлауды дамытуға және практикалық дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Осындай зияткерлік сайыстарға қатысу болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар